04.12.2014
«Грамоталарды тапсыру рәсімінен кейін болған сұхбат барысында Қатардың Әмірі Қазақстан Елшісін оның дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, қазақстан-қатар қарым-қатынастарының жоғары әлеуетін атап өтті», - делінген хабарламада.
Қатар Мемлекетінің Әмірі оның елі Қазақстан Республикасымен жан-жақты байланыстарының дамуы мен күшеюіне үлкен мән беретінін айтты. Оған айқын дәлел ретінде оның ағымдағы жылдың қаңтар айында басқа да маңызды елдермен қатар Астанаға жасаған сапарын келтіруге болады.
Әмір Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан орасан зор үлесін аса жоғары бағалап, Елбасымен өткізген кездесуі мен келіссөздерін жылы сезіммен еске алатынын атап өтті. Сондай-ақ, Елбасына сәлемі мен жылы лебіздерін жеткізуді сұрай отырып, Қатар Әмірі Президент Н.Ә.Назарбаевтың Дохаға өзіне ыңғайлы уақытта сапармен келуін күтетіндігін мәлімдеді.
Өз кезегінде А. Шоқыбаев Қазақстан Тәуелсіздікке ие болғалы бері саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда қол жеткізген жетістіктері туралы айтып, Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол- Болашаққа бастар жол» атты халыққа жолдауына Әмірдің назарын аударып, бұл құжаттың негізгі тармақтарымен таныстырды.
Сонымен қатар, сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықтың Күн тәртібіндегі, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейту, Қатардың Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қатысуы, қазақстан-қатар үкіметаралық комиссиясының отырысын өткізу, Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам Ұйымының офисын Астанада құрылуы туралы Қазақстанның бастамасына Қатардың қосылуы, 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүше ретінде сайлануға өтетін 2016 жылғы дауыс беруде Қатардың Қазақстан кандидатурасын қолдауы сияқты көкейкесті мәселелер талқыланды.