03.12.2014
Нұрсұлтан Назарбаев қол жеткен уағдаластықтардың ерекше маңыздылығын атай келіп, кең ауқымдағы мәселелер жөнінде жүргізілген келіссөздердің нәтижесіне жоғары баға берді.
«Бүгінгі сапар қарым-қатынастарымызды нығайтуға деген ортақ ықыласты көрсетеді. Ынтымақтастықты дамыту жөнінде пікір алмасылды. Сондай-ақ бізге сөзсіз әсері тиетін өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Біз елдеріміз арасындағы ықпалдастықты күшейтуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойдық», – деді Қазақстан Президенті .
Мемлекет басшысы екі елдің шекаралас аумақтары арасындағы тікелей байланысты дамытудың маңыздылығына назар аударды.
« Маңғыстау облысының әкімдігі мен Балқан уәлаяты хякимлигі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ол шекаралас облыстардың өзара ықпалдастығын тереңдетуге елеулі серпін беретін болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті келіссөздер барысында өсім үшін жақсы әлеуетке ие сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне зор көңіл бөлінгенін айтты.
«Елдеріміз арасындағы тауар айналымы биылғы 9 айда 23%-ға ұлғайды. Әлемде дағдарыс құбылыстары болып, экспорт азайып жатқан кезде біздің елдеріміз арасындағы сауда өсу үстінде, оның мөлшері 500 миллион долларға таяды. Бірақ бұл қарқын да біздің өзара ықпалдастығымыздың бүкіл әлеуетін толық ашпайды. Таяу уақытта Тауар айналымын ұлғайту жөніндегі бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу жоспарлануда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Түрікменстанның өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы арасында құрылған Іскерлік кеңес екі елдің бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері арасындағы пайдалы экономикалық байланыстарды жолға қоюға септігін тигізетінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз халықаралық салада өзара қолдау көрсетіп, ынтымақтастықты әрі қарай дамытатынын айтты.
«БҰҰ, ИЫҰ, ТМД, Түркі кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысатын боламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сапар қорытындысы қазақ-түрікмен қатынастарын ықпалдастықтың барынша сапалы деңгейіне шығаратынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, Г.Бердымұхамедов келіссөздер барысында экономика және сауда, соның ішінде тауар айналымын әртараптандыру, инвестициялық саясатты жандандыру, өнеркәсіпте, аграрлық кешенде және көлік саласында ірі жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне айрықша назар аударылғанын мәлімдеді. Соңында Түрікменстан Президенті Қазақстан халқына татулық пен бақ-береке тілейтіндігін жеткізді.
Брифинг барысында сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан мен Түрікменстанның арасындағы тату көршілік және достық қарым-қатынастарды нығайту ісіне қосқан зор үлесі үшін «Түрікменнің Ел ағасы» құрметті атағын тапсыру рәсімі өтті.