12.11.2014
Кездесу барысында К.Мәсімов пен И.Гарибашвили екі жақты сауда-экономикалық, инвестициялық және транзиттік-көліктік ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің кең ауқымын талдады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Үкіметтер басшылары бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.
«Бiз сауда-экономикалық ынтымақтастықты үдетудің қажеттiлiгi туралы ортақ пiкiрге келдiк. Бiздiң мемлекеттерiмiз арасында өзара сауданы кеңейтуге арналған пайдаланылмаған қор бар. Көлiк, байланыс, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және тағы басқа экономиканың болашағы мол бағыттары бойынша байланысымызды жандандыруға мүдделiмiз», - деді К.Мәсімов.
Қазақстан Үкіметінің басшысы күн тәртібінің басты мәселесі елдерімізді байланыстыратын транзиттік-көліктік дәліздерді кеңейту болғанын басып айтты. Қазақстан өнiмдерiн Каспий теңiзi арқылы Еуропаға, ал Грузия тауарларын Қазақстан аумағы арқылы Орталық Азия мен Қытайға шығаруды қамтамасыз ете алатын «Баку-Тбилиси-Карс» темiр жолы магистралін тездетiп салып бiтiруге мүдделi екенiн атап өтті.
«Жалпы Грузия Премьер-Министрі Иракли Гарибашвилидің Астанаға сапарының қорытындысы қазақстандық-грузин қарым-қатынастарын одақтастық пен стратегиялық серіктестіктің әлдеқайда сапалы деңгейіне шығарады деп есептеймін», - деп толықтырды ҚР Премьер-Министрі.
Өз кезегінде, И.Гарибашвили Қазақстан Грузияның досы әрі дәстүрлі маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтті.
«Біз жеке сектор деңгейінде байланыстарды қалпына келтіруге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты, туризмді дамытуға, елдеріміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін дәріптеуге және ғылым, білім беру, ақпараттандару, мәдениет және спорт салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделіміз», - деп атап өтті Грузия Премьер-Министрі.
Кездесу соңында И.Гарибашвили Грузия Үкіметінің елдеріміздің халықтары үшін қазақстандық-грузин қарым-қатынастарын жан-жақты дамытуға және тереңдетуге дайын екендігі білдірді.