04.11.2014
Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, дөңгелек үстел барысында біздің елдің жаһандық ядролық қарусыздандыру үдерісіне қатысуы, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының негізгі сыртқы саяси бастамалары, оның ішінде мәдениетаралық және діниаралық сұхбаттың орын алуы, 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшелікке қатысуға Қазақстандық үміткердің өтініші, Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрменің өткізілуі кеңінен атап өтілді.
ҚР Италиядағы елшісі Андриан Елемесов пленарлық баяндама жасады. Қазақстандық дипмиссия басшысы өз сөзінде ядролық қарусыздандыру және ядролық қауіптілікті азайту үдерісіндегі Қазақстанның теңдессіз үлесін әлемнің мойындап отырғанын атап өтті.1991 жылдың 29 тамызында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев өз Жарлығымен әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі Семей полигонын біржола жапқандығы мәлім. «Нәтижесінде қуаты бойынша төртінші болып табылатын әлемдегі рекеталы-ядролық арсеналды иеленуден еліміз ерікті түрде бас тартты. Қазақстанның аталған ролді таңдауы кездейсоқтық емес», - делінген хабарламада.
Италяндық тарап өкілдері сөз кезегінде Қазақстанның белсенді түрде аймақтық және жаһандық үдерістерге қатысуы бүгінгі күні халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге арналған әртүрлі тәсілдерді қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие бола алатындығын бірнеше мәрте атап өтті.