16.10.2014
Әкімдікте хабарлағандай, кездесу Астанада өтетін қазақстандық-француздық үкіметаралық комиссиялардың отырысы қарсаңында өтті. Қала басшысы өз сөзінде Алматының Франциямен жоғары деңгейде іскерлік байланыс орнатқандығын жеткізді.
«Желтоқсан айында Француз Республикасының Президенті Франсуа Олланд елімізге сапар жасайды деп күтілуде. Бұл сапардың Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсетіні анық», - деді Ахметжан Есімов.
Кездесу барысында қалада Абай атындағы ҚазҰПУ базасы негізінде «Сорбонна - Қазақстан» француз институты ашылғаны айтылды, бұл қазақстандықтарға озық білім алуға мүмкіндік береді. Бұдан өзге Алматыда халықаралық колледж жанынан француз мектебінің секциясы, француз тілінде дәріс беретін балабақша ашылады деп жоспарлануда.
Өз кезегінде Маттиас Фекль француз компанияларының Алматыдағы түрлі жобаларға қатысуға ынталы екенін жеткізді. Бұл жобалар - транспорт инфрақұрылымы, қаланың коммуналды шаруашылығы, денсаулық сақтауды дамыту салалары.