15.10.2014
Қырғызстанның ТЖМ-мен және Қырғыз Республикасы қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Замир Суерқұловпен кездесу ұйымдастырылып, онда қазақстандық тікұшақтарды Қырғызстанға тасымалдау мәселесі пысықталды.
«Қазақстанда шығарылатын тікұшақтар қырғыз тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, келіссөздер қорытындысы бойынша алдағы уақытта қырғыз тарабының «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС зауытына келуі жоспарланды. Біз оларға зауытымызды көрсетіп, Техникалық қызмет көрсету орталығы мен Ұшу-техникалық құрамды оқытатын орталық қызметін таныстырмақшымыз», - дейді «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС-нің тұтынушылармен жұмыс бойынша менеджері Анна Миненкова.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдан бері «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің қажеттілігі үшін Қазақстан нарығына ES 145 тікұшақтарын шығарған.
Сауда миссиясы дәстүрлі бизнес форумы түрінде өтті. Қазақстандық делегация құрамына өңдеуші саланың 18 кәсіпорны кірді. Қырғыз тарабынан бизнес қауымдастықтардың 100-ден астам өкілдері мен Қырғыз Республикасы экономика министрі Темір Сариев қатысты.
Алдын ала болжамдар бойынша қазақстандық фармацевтика, құрылыс және азық-түлік саласы компаниялары Қырғызстан нарығына 6 млн доллардың өнімін жеткізуге мүдделі.
Хабарламада айтылғандай, отандық компаниялардың қырғыз тарабымен арада өткізген келіссөзі жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Қазірдің өзінде бірқатар қырғыз бизнес қауымдастықтары мен мемлекеттік құрылымдар қазақстандық тауар мен қызметке деген қызығушылық танытып отыр.