• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Кедендік қызмет сарапшылары экономикалық контрабандамен күресте оң үрдістерді алға тартады 29.09.2014

Өз кезегінде кедендік қызмет сарапшылары экономикалық контрабандаға қарсы күрестің қазіргі таңда өз жемісін беріп жатқанын алға тартады. Кеденшілердің тәжірибесі мен кәсібилігі осынау дертке дауа болмақ.

«Мен мұнда америкалық үкімет пен АҚШ елшілігінің өкілі ретінде кеден ұйымдарының өкілдерімен берік ынтымақтастық құрдық, ол қос тарап үшін де өте маңызды. Бүгінгі қаралып отырған мәселе өте өзекті. Контрабанданың мемлекет пен ұйым қызметіне айтарлықтай деңгейде қатер төндіретіні анық. Мемлекеттеріміздің бүгінгі таңда экономикалық контрабандамен күресуге жеткілікті деңгейде көңіл бөліп жатқаны белгілі. Қазақстан жаңалықтарынан мен кедендік қылмыстардың жиі ауыздықталып жатқанын көріп қаламын. Бұл қызметкерлердің кәсібилігінің бір көрінісі болса керек», - дейді Қазақстандағы АҚШ Елшілігі миссиясы басшысының орынбасары Майкл Клеченски.

2014 жылдың 8 айында ҚР кедендік ұйымдары тарапынан экономика саласына қатысты 412 қылмыстық іс қозғалған. Ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 375 болған еді. Экономикалық контрабанда бойынша 374 қылмыстық іс қозғалды. Ал кедендік төлемдерден жалтару бойынша қозғалған істер саны 38.  Қылмыстық істер бойынша алынған тауар мен валюта көлемі 5 млрд 131 млн теңгені құрады.

Сонымен қатар құқық қорғау жүйесінде өткізіліп жатқан реформалар аясында ел бюджетін толтыру мен сыртқы сауданы мемлекеттік реттеудің тиімді механизмі ретінде кедендік органдардың жаңа моделін құруға ерекше көңіл аударылған.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің Астанадағы ЕЫҚҰ Орталығымен, Астанадағы АҚШ Елшілігімен және БҰҰ Есірткі және қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған экономикалық контрабандаға қарсы кұрес бойынша екі күндік өңірлік семинары басталды.

Индира Қауметова


Back to the list