09.09.2014
Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл канадалық парламентшілердің екіжақты дипломатиялық қатынас тарихында біздің елімізге алғашқы сапары. Делегация құрамында Сенат пен қауымдар Палатасының, сондай-ақ, аталған елдің заңнамалық органына кіретін Канаданың негізгі саяси партияларының өкілдері бар.
«Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясындағы ауқымды сұрақтарды талқылай келіп, алдағы уақытта табиғи ресурстар, ауылшаруашылығы, уран индустриясы, денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларында өзара іс-қимыл әлеуетінің зор екендігіне тоқталды», - делінген хабарламада.
Осы ретте Мәжіліс Төрағасы атом энергиясын бейбіт жолда пайдалану саласында қазақстандық-канадалық қатынастың стратегиялық маңызын атап өтті.
Меймандар біздің еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасына қызығушылық танытты.
Халықаралық мәселелерге де айрықша назар аударылды.
Кездесу иелері Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде екі елдің ортақ қадамдарын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, келешекте де екіжақты қарым-қатынасты одан әрі сындарлы дамытуға ынталылық білдіре келіп, осы жолда заңнамалық органдар арасындағы парламенттік достық топтарының айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.