02.09.2014
«Жыл басынан бері СҚО мен Польша арасындағы тауар айналымы 9 млн доллардан асты. Соның ішінде экспорт 5 млн доллар болса, импорт үлесі 4,3 млн доллар», - деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Облыс басшысы экономиканың барлық салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Ерік Сұлтанов СҚО-да польшалық кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне есік ашық екенін айтты. Сонымен қатар, қазақстандық кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеуге жол ашық екенін жеткізді. Ешқандай қағазбастылық кедергінің болмайтынына кепілдік берді.
«Бірлесе жұмыс істеу мәселесіне келер болсақ, бірінші кезекте, ол дегеніңіз өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, әсіресе көкөніс шаруашылығы. Ал Еуропа мен Польшадағы дамыған шаруашылықтар мен кәсіп түрлерін біз игере білуіміз керек», - деді әкім.
Айта кету керек, Солтүстік Қазақстанда 13 мыңнан астам поляк өмір сүреді, бұл халықтың 2,23 пайызын құрайды.
«Біз Солтүстік Қазақстанмен байланысты дамытуға мүдделіміз, өйткені мұнда отандастырымыз тұрады. Бұл Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени, этникалық мәселелер мен экономикалық салада да байланыс көпіріне айналмақ. Біз қазір Польшаның бір өңірі мен СҚО арасындағы байланысты құрып жатырмыз», - дейді Яцек Ключковски.