08.07.2014
Назарбаев университетінің ресми порталы хабарлағандай, 2013 жылы ҚХР Көшбасшысы Си Цзиньпин мырза Қазақстанға іс-сапары аясында Назарбаев университетінінің 200 студенті мен оқытушыларын Қытайға шақырған болатын.
Қазақстаннан барған делегация Қытайдың Шанхай, Пекин, Сиань атты үш қаласын аралады.
Әр қалада студенттер мен ұстаздардың назарына алдыңғы қатардағы өндіріс ошақтары, бірегей мәдени және тарихи орталықтар, оның ішінде Ұлы Қытай қорғаны таныстырылды.
Сонымен қатар, делегация құрамы Қытайдың үздік жоғары білім ошақтарымен танысып қайтты.
Кездесудің басты жаңалығы қазақстандық делегацияның Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзамен кездесуі болды, делінген хабарламада.
Си Цзиньпин мырза атап өткендей, Қытай мен Қазақстан өзара дос мемлекеттер. Қос мемлекеттің халықтарының арасындағы байланыс тығыз.
Сонымен қатар, ҚХР Төрағасы Университет делегациясының құрамы қытайлық-қазақстандық достықтың одан ары нығаюына өз септігін тигізетін болады, деп сенім білдірді.