10.06.2014
Қазақстандық делегацияны Бүкіләлемдік қазақтар қоғамдастығы Президиумы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев басқарып келді. Ол Құрылтайдың салтанатты ашылуындағы құттықтау сөзінде жиналғандарды Мемлекет Басшысының «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауы аясындағы еліміздің заманауи өзекті дамуымен таныстырды, деп сыртқы істер министрлігінде хабарлады.
Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов, өз кезегінде, ана тілін сақтау және дамыту, мәдениет және ұлттық салт-дәстүрді, тарихи Отанымен байланысын нығайту сияқты мәселелеріндегі ГФР-дағы қазақ диаспорасының белсенді рөлін атап өтті.
Мұндай кездесулердің өз тарихи Отанынан алыс тұратын қазақтар үшін үлкен маңызы бар. Ең бастысы- осындай Құрылтайлардың отандастар үшін аса өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге мүмкіндік беретін орынға айналғандығы.
Құрылтай шеңберінде жастар арасында қазақ тілін, тарихын және мәдениетін білетіндігін тексеруге бағытталған түрлі байқаулар, «Қазақша күрес» ұлттық күресінен және футболдан сайыстар, суреттер көрмесінің ашылуы, сонымен қатар балалар мерекесі өткізілді. Елші Н.Онжанов осы жарыстардың жеңімпаздары мен лауреаттарын бағалы жүлделермен, естелік сыйлықтармен марапаттады.