23.05.2014
«Көптеген Африка және Азия елдері кедейшілік тұзағында. Яғни, қайыршылық одан әрі қайыршылықты туындатуда. «Даму үшін тым кедейміз» деген ой және қайыршылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдау жатыпішерлікті туғызады. Және елдер мен тұтастай өңірлерді дамудан үнемі шеткері қалуға алып келуде. Сонымен қатар, әлемнің ең кедей өңірлері демографиялық тұрғыдан алғанда барынша қарқынды болып отыр. 2030 жылға дейін жер шары тұрғындарының шамамен 90 пайызға дейін өсімі екі өңір – Африка мен Азия арқылы толығады. Ал мұнда тұрғын халықтың кедейлік деңгейі орташа есеппен алғанда 30 пайызға жуық. Байлықты бөлудегі жаһандық теңсіздіктің ұлғаюына алып келеді», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, халықаралық зерттеу институты бірінің мәліметінше, «бүгінде жер шары халқының 1 пайызында әлемдік байлықтың 40 пайызы шоғырланған. Оған қоса, қалған 70 пайыз әлем халқы 3 пайыздық байлыққа ғана ие».
Н. Назарбаевтың айтуынша, «демографиялық трендер бойынша аталмыш көрсеткіш көбейе түспек».
«Мұндай оқиғалар жаһандық дамуға кедергі келтіріп, әлеуметтік қарама-қарсылыққа әкелуі мүмкін», - деді Елбасы.
Камила Амирова