21.04.2014
«Қазақстан 20 жыл бойы Азиялық даму банкінің мүшесі болып келеді. АДБ 47-ші отырысы аясында ірі халықаралық банктер басшыларының, қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдардың жетекші мамандарының, ШОБ пен ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен 25-тен астам түрлі шаралар, панельді отырыстар мен пікір таластар өткізіледі. Келелі кеңестің өзгешелігі «жасыл экономика» принциптерін қолдануда. Жалпы, алқа отырысын ұйымдастыру және дайындық барысында Азиялық даму банкі «жасыл»экономика» принциптерін негізге алуды ұсынған болатын»,- деді М. Мұқанов.
Оның айтуынша, Қазақстан АДБ ынтымақтастық аясында жаңа деңгейге көтерілді. Ол бүгінде тек көмек алушы ғана емес, «донор» ретінде де шығып жүр.
«Қазақстан қайтарымсыз техникалық көмек алушы статусынан алыстап, дамушы мемлекеттерге көмектесетін АДБ серіктесі болмақ. Осы мақсатта Қазақстан АДБ түрлі жобаларына атсалысуда. Алдағы алқа отырысы шеңберінде Азияның жаңа әлеуетін айшықтай түсетін маңызды сессияларды өткізу жоспарланған. Алдын ала болжам бойынша сессиялар инновацияны, энергетиканы, халықаралық-аймақтық ынтымақтастықты дамытуға бағытталатын болады», - деді ол.
М. Мұқановтың айтуынша күні бүгінге дейін экономикалық даму орталығы географиялық тұрғыда алшақтау, яғни Еуропа мен АҚШ болатын. Осы ретте Қазақстан экономикалық даму орталығына жақындап келеді деуге болады, деп сала маманы ағынан жарылды.
Естеріңізге сала кетейік, жылсайынғы 47-ші Азиялық даму банкінің отырысы «Жаңа Жібек жолы - Азияны өзгеріп жатқан әлеммен байланыстыру» тақырыбында өрбиді. Конференцияға қатысушылар Қазақстанның экономикалық және қаржылай даму жүйесін қарастыратын болады.