03.12.2014
«Қазіргі таңда біздің газ экспортымыз анау айтқандай көп емес. Бұл жылына шамамен 5-7 млрд шамасында. Жыл сайын ел ішіндегі тұтыну көлемінің артуына байланысты сыртқа сату көлемі төмендеуде. Осылайша экспорт төмендеуде. 2030 жылға қарай газ экспорты көлемін күрт арттырып, млрд куб метрге дейін көбейтеміз. Осылайша ел газ сатушы мемлекеттердің біріне айналады», - дейді Ұ.Қарабалин.
Өздеріңізге де белгілі, геология комитетінде Қазақстан аумағындағы газды зерттеу жұмыстарына қаражат бөлінді.
«Тақтатас газын іздестіру мен оның геологиялық қорын анықтау қазіргі таңда жүйелі түрде қолға алынуда. Газдың пайдасын көріп отырған біз аталмыш салаға көңіл аударып жатырмыз. Егер елде тақтатас газы табылып, оның құны да айтарлықтай болса, онда экспортқа сата бастаймыз», - дейді министр орынбасары.
Ұ.Қарабалиннің айтуынша, Қазақстан аталмыш газ түрі бойынша табиғатта мол қорға ие. Тәуелсіздік жылдары газ өндірісі бес есеге дейін көбейіп, 40 млрд кубқа дейін жетті. Жалпы, Қазақстанның тұтыну көрсеткіші болса 11 млрд куб шамасында.
«Қазіргі таңда елді газбен қамтамасыз етудің бас кестесі қорғалды. Алдағы уақытта, 2025-2030 жылдарға қарай газ тұтыну көлемі артып, ішкі нарықтағы тұтыну көлемі 18-20 млрд кубқа дейін артпақ. Қазақстан осы орайда өзін өзі қамтамасыз ете алатын мемлекет», - дейді.
Камила Амирова