05.11.2014
«Қазіргі таңда Пржевальский жылқысын елімізге қайта әкелу бойынша арнайы ұлттық бағдарлама дайындалды. Осы мақсатта еліміздің өңірлерінде аталмыш жылқы тұқымдарына арнап зауыт та салынған. Германия мен ЕО елдерінің қолдауымен және халықаралық ұйымдардың да қаржыландыруымен 2016 жылдан бастап аталмыш жылқы түрлері елімізге әкеліне бастайды», - деді Қайрат Өстеміров.
Оның айтуынша, елімізде бөкендер санын арттыру бағытында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және табиғатты қорғау комитеті елімізде он жылдан бері табиғатты қорғау саласында қызмет етіп келе жатқан «Қазақстанда биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ауқымды шараларды атқаруда. Нәтижесінде, еліміздегі бөкендер саны биыл былтырғымен салыстырғанда 37 пайызға артқан.
Сонымен қатар, комитет төрағасының орынбасары жалпы елдегі табиғатты қорғау жұмыстарында алға ілгерілеушілік бар екенін айта келіп, республика көлеміндегі дала экожүйесі мен оның қауіпсіздігін сақтау бойынша 2009-2012 жылдары қолға алынған «Алтын дала» бастамасы Қазақстанның 50 млн гектар жерін қамтығанын мәлімдеді.
Бауыржан Мұқанов