15.10.2014
«Эко-көпір Алматы қаласында бастау алып, жас қазақстандықтарды экологиялық мәселелерді шешуге, экологиялық сана мен мәдениетті құруда заманауи технологиялар мүмкіндіктерін қолдануға тартуды мақсат етеді. Жыл соңына дейін бастамаға елдің әр өңірінен 15 мыңға жуық студенттер мен оқушылар қосылмақ. Студенттер идеясын «Жер шары – сенің әлемің» эко-форумы жұмысына қатысқан Ақтөбенің 250 жоғары сынып оқушысы қолдап отыр», - делінген хабарламада.
Хабарламада айтылғандай, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде эко-көпірдің ашылуы «Жандану» жобасы аясында түсірілген «Жер мұрасы» деректі фильмін тамашалап, талқылай отырып «Ұрпақ жалғастығынан кейінгі жасыл өткел» дөңгелек үстелмен жалғасын тапты. Студенттер еліміздің «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасын іске асырудағы өздерінің қосар үлестерін айтты.
«Біз Мемлекет басшысының Қазақстанның тұрақты дамуына бағытталған барлық бастамаларын қолдаймыз. Бүгінгі таңда біздің міндетіміз барынша сапалы білім алып, алған білімімізді ертең тәжірибеде қолдану. Әрқайсымыз елдің экологиялық қауіпсіздігін сақтауда өзіндік үлес қосатын боламыз. Сол үшін бүгін мына бастамаларды жақсылап түсіну керек», - дейді жас көшбасшы Рахметолла Абен.
Естеріңізге сала кетейік, «Жандану» бағдарламасы 30 мыңнан астам жас қазақстандықтардың басын қосып отыр. Жоба аясында «Жер мұрасы» деректі фильмі түсіріліп, экология бойынша «Экология және тұрақты даму» оқулығы жазылды, «Экологиялық мәдениет» қосымша курсы да жұмыс істеп, түрлі шаралар қолға алынуда.