10.04.2014
Ауыл туризмін дамыту - әлеуметтік-экономикалық дамуда және кейбір елді-мекендерде өмір сүру сапасын арттыруда инновациалық тәсіл болып табылады, деп есептейді ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен «Махаон Интернешенел» словакиялық қауымдастығы.
Осы мақсатта Шығыс Қазақстан облысы 2014-2016 жылдары «Алтын Алтай - аймақты дамытудағы байлық» жобасын Еуропалық Одақтың қосылқы қаржыландыруы арқылы жүзеге асырады. ЕО бұл жобаға 350 мың еуро бөліп отыр, деп ШҚО Ақпараттық орталығынан хабарлады.
«Шығыс Қазақстан - экономикалық әлеуеті айтарлықтай жоғары аймақ ғана емес, сонымен қатар, оның тарихы мен мәдениеті бай. Сондықтанда ол Маңғыстау және Қызылорда облыстарымен бірге ауыл туризмін дамытуға пилоттық өңір ретінде таңдалып отыр», - деді еурокомиссияның Қазақстандағы төрағасы Лука Карапелли.
Жоба өз бастауын Қатон-Қарағай, Күршім аудандарынан және Риддер қаласынан алады. Облыс басшысының бірінші орынбасары Ермек Көшербаев басқа аудандардың әкімдеріне жобаның аталмыш аудардар алдында ашып отырған мүмкіндіктерін жіті зерттеп, өздерінде дәл осындай аймақтарды табуды тапсырды.
«Біз ішкі нарыққа сүйеніп отырмыз. Бұл еңбек демалысы кезінде ауылға барып барынша қолайлы демала алатын жақын қалалардағы тұрғындарға есептелген», - деді жоба менеджері Светлана Белова.
Бұдан басқа, жоба шеңберінде арнайы әлеуметтік бағдарламалар қарастырылған, ол жетім балаларды және мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды демалысқа жіберуге, ықпалдастық пен кәсіби машықтауға бағытталған.