08.10.2014
«Қазақстан аумағында судың тапшы екені рас. Сол себепті мемлекет су ресурстарына ерекше мән береді. Біз бірнеше жылдан бері гранттық жобаларды іске асырып келеміз. Олар су ресурсы саласында бірқатар бағытта жұмыс істейді. Бұндай бағдарламалардың басты ерекшелігі оған қоғамдық бірлестіктердің қатысуы болып табылады. Әрбір тұрғынның көкейінде жүрген ойлар осында қаралып, жобаға енгізілуі мүмкін», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз.
БҰҰ ДБ хабарлауынша, «Ғаламшар – біздің үйіміз» бағдарламасы сумен қамту мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға гранттық көмек беру арқылы су ресурстарын басқарудың шағын және орташа пилоттық жобаларын іске асыруды қарастырады.
Айта кетерлігі, бұл бастама 2014-2016 жылдар аралығында 21 елде іске асырылады, деп мәлімдеді Қазақстандағы БҰҰ ДБ қоршаған орта және энергетика департаментінің басшысы Станислав Ким.
2015 жылы Бағдарлама нәтижесінде Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі ауыз су қауіпсіздігіне ие тұрғындар санының артуына мүмкіндік тумақ.
Сонымен қатар, бағдарламада су секторының тиімділігін арттыру бойынша технологиялық шешімдерді оңтайландыруға бағытталған инновациялық бастамаларды қолдау қарастырылған.
Осы сынды бастамалардың дер кезінде қолға алынуы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айтылған халықты ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету туралы міндеттемесін іске асыруды жеделдетуге түрткі болмақ.
Камила Амирова