15.03.2017
Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен су секторындағы мемлекеттік білім стандарттарын жетілдіруді талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті, оған Қазақстан Парламентінің, су ресурстары жөніндегі ұлттық органдардың, бассейндік кеңестердің, академиялық топтар мен халықаралық ұйымдардың 25-ке жуық өкілі қатысты.
Қатысушылар су ресурстарын басқару саласындағы оқу жоспарларын зерттеп, осы саладағы ұлттық білім беру жүйесіндегі кемшіліктерді талқылады.
«Қазіргі уақытта су мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарының түлектері білімі, икемділіктері мен дағдылары жағынан оларға қойылатын талаптарға жауап бермейді. Сондықтан жоғары білім беру жүйесіне: материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейіне, кадрлық құрамға, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының сапасына ерекше көңіл бөлу қажет», - делінген хабарламада.
Іс-шара су ресурстарын интеграцияланған басқару қағидаттарын ұлттық су құрылымдарына енгізу және мемлекеттік мекемелердің осы саладағы әлеуетін нығайту бойынша ұзақ мерзімді күш салудың бір бөлігі болып табылады.