• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Алматыда жапондық трансұлттық корпорация жаңа зауыт ашады 05.07.2017

Қала басшысы Бауыржан Байбек бүгінгі күні Алматының жоғары инвестициялы, инновациялық тартымды қалаға айналғанын, оған дәлел ретінде қала бойынша үстіміздегі жылы негізгі капитал инвестициясының 11%-ға, сыртқы инвестицияның 25%-ға артқанын айтты.

«Өткен жылдың қараша айында біздің Мемлекет басшысы мен Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэнің кездесуі барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықты күшейту туралы уағдаласқан болатын. Осыған орай, Алматыда жапондық іскерлік клубы мен жапондық индустриалды парк ашылып, «Tokyo Rope Almaty» жобасының екінші кезеңі жүзеге аса бастады. Жалпы, Алматының Индустриалды аймағында импортты алмастыратын, экспорттық өнімді ұлғайтатын 40 жоба қазірдің өзінде қолға алынды», - деп атап өтті Б.Байбек.

«Tokyo Rope Manufacturing» директорлар кеңесінің төрағасы Шигето Танаки бұл Жапониядан өзге елде баламасы жоқ ерекше кәсіпорын екенін жеткізді. Индустриалды аймақтағы 4 гектар жерге орналасатын зауытты іске қосу үшін шетелдік компания жұмсайтын инвестиция көлемі 3,6 млрд. теңгені құрайды.

«Мұнда жоғары сапалы металл тростар, таулы және карьерлі жұмыстар үшін болаттан жасалып, қорғасынмен қапталған торлар, буросвайлық анкералар және басқа да өнімдер шығарылады. Өнімдерде қазақстандық мазмұнның үлесі болғандықтан өзіндік құны да біршама арзан. Өндіріс көлемі бойынша жылына 17 мың тонна өнім шығарылады. Зауытты іске қосу 2018 жылға жоспарланған», - деді Ш.Танака.

Айта кетейік, металдан жасалған аса төзімді темір торлар мен панелдер шығаратын «Tokyo Rope Almaty» атты алғашқы зауыт өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған еді.

«Tokyo Rope» компаниясының негізі осыдан 130 жыл бұрын қаланған, болат арқандар шығару бойынша әлемде жетекші рөл атқарады, сонымен қатар селге, дауылға, түрлі тас көшкіндеріне қарсы түратын нысандарды салуды жобалаумен, монтаждаумен де айналысады.


Back to the list