13.12.2016
Келесі жылы облыстық бюджетке түсімдер көлемі (республика бөлетін нысаналы трансферттер мен несиелерді есепке алмағанда) 124,6 млрд теңгеден астам сомаға жоспарланған. Осы ретте оның қомақты үлесін әлеуметтік сала құрайды.
«Сапалы білім беру қызметтерін ұсынуға экономиканы тұрақты өсіру, адами капиталды дамыту үшін келесі жылға 12 млрд теңге (2016 жылға қарсы өсу — 73,3%) көзделген. Шығындардың негізгі үлесі – техникалық және кәсіптік білім беру мамандарын даярлауға, 940 млн теңгеден астамы — білім беру ұйымдарын жөндеуге, 93 млн теңге облыстық білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталатын болады», - деді Б. Малғаждаров.
Бұдан бөлек, бюджет жобасына сәйкес келесі жылдан бастап өңір мектепке дейінгі ұйымдардағы мемлекеттік тапсырысты іске асыруға, жаңадан енгізілетін нысандарды ұстауға, мектептерге арналған мультимедиялық жабдық алуға және бұрын республикалық бюджеттен қаржыландырылған ТжКБ кейбір бағыттары бойынша шығындарға қаражатты өз бетінше жұмсай алады.
Облыста денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, атап айтқанда, №2 облыстық ауруханада және Атбасар ауданаралық көп бейінді ауруханасында инсульттық орталықтар ашуға, заманауи медициналық жабдық алуға, төрт нысанды күрделі жөндеуге 3,9 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсау жоспарлануда.