06.09.2017
Облыс әкімдігі хабарлағандай, іскерлік кездесуге шет елдік елшіліктердің, өндірістік кәсіпорындардың өкілдері және инвесторлар қатысты.
«Кездесудің негізгі мақсаты – біздің аймағымыздың әлеуетін көпшілікке таныстыру. Біз шет елдік инвесторларды жұмылдыруда бәсекелесеміз. Қарағанды облысында бірқатар артықшылықтар бар, оның ішінде географиялық орналасуы бойынша да басымдылыққа иеміз. Бұл кездесуге басым салалардың шамамен 70-ке жуық жобаларын іріктеп алып келдік. Ол – металлургия, химия және фармацевтика, машина құрастыру, агроөнеркәсіп кешені және тағы да басқалары», - деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.
Өзінің баяндамасында ол аймақтың инвестициялық тартымдылығына нақты тоқтала кетті.
«Біздің мақсатымыз – жобаларды тұрақтандыру, жер телімдерін беру, қосылу шарттарын қамтамасыз ету. Бизнесте пайда болатын осы секілді мәселелерді шешу. Жобаларды басынан бастап, іске қосылғанша сүйемелдейміз», - деп атап айтты облыс әкімінің орынбасары.
Республика экономикасында Қарағанды облысының үлесі шамамен 10%-ды құрайды. Жалпы аймақтық өнім 3,7 трлн теңге, адам басына – 2,7 млн теңге. Еңбек тиімділігі – 65 мың АҚШ доллары, ол еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі.
Облысымызда минералды-шикізат әлеуеті бар екені айтылды жиналыс барысында. Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбалар 758 млрд. АҚШ доллары сомасына барланған. Аймақ инвесторларға 48 бос кен орындарын ұсынуға дайын. Қазіргі күні облысымыздың жер қойнауы байлығының тек 25%-ы ғана пайдаланылады.
« «Сарыарқа» ЕЭА-да 270 бос учаскілерін инвесторларға беруге дайынбыз. Бір ай аралығында жер учаскілерін рәсімдейміз», - деп Алмас Айдаров әлеуетті инвесторларға тағы бір өсу нүктесін ұсынды.
Таныстыру барысында сонымен қатар қарағандылықтар аймағымыздағы шағын және орта бизнес мүмкіндіктері, агроөнеркәсіп секторын дамыту туралы тоқтала кетті.