14.11.2014
Форумда сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – Болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған тапсырмаларды орындау маңыздылығын басып айтты.
«Ағымдағы құбылмалы жағдайда, яғни әлемдік экономика теңселе бастаған уақытта, көптеген шикізаттық ресурстарға бағаның құлдырауы кезеңінде контрциклдік бюджеттік саясатты жүргізу керек. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын ынталандыру және оның қаржылай тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады», - деді К.Мәсімов.
«Құрылымдық реформалар жүргізу жалғасуда. Біз оны халықаралық қаржылық институттармен бірге іске асырудамыз, яғни Дүниежүзілік банкпен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен, Ислам даму банкімен, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) бірлесе атқарудамыз. Менің ойымша, бұл Қазақстанға орташа табыс тұзағына түспеуге, елдегі жеке инвестицияларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.
Биыл форумның басты тақырыбы – «Мемлекеттік басқару реформасы: орталық – өңірлер – бизнес». Форум барысында жүзеге асырылатын мемлекеттік басқару реформасын, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-әрекеті принциптерін, экономикадағы мемлекет рөлін және басқа да басты мәселелерді талқылау жоспарланған. Оған қазақстандық бизнес пен биліктегі 300-ден астам жетекші өкіл қатысуда.