10.04.2017
Идеяның авторы физика пәнінің мұғалімі Алтынбек Қайырбатыров. Қарағандылық лицейге жақында ғана орналасқан, бұған дейін Павлодарда физикадан сабақ берген.
«Лицейдің павлодарлық филиалында 3D принтер болған, оқушылармен бірге алғашқы протезді сонда жасадық. Оны саусақсыз қалған Саша деген балаға сыйладық. Қазір ол оны пайдаланып жүр, тіпті велосипедпен де жүреді, баланың өмірі жеңілдеді. Жұмысымды Қарағандыға ауыстырғанда мен бұл істі жалғастыруға бел будым. 3D принтер сатып алып, оқушылармен бірге осындай протездер жасаймыз», - деп ағынан жарылды ұстаз.
Протез жасау тетігі оңай – алдымен оқушылар барлық бөлшектердің үш өлшемді моделін салады, содан кейін басып шығарып жинайды. Қол буыны мен саусақтың арасынан леска өткізіледі. Протез білекке немесе жіліншікке бекітіледі. Ол бұлшық еттермен қозғалады – леска саусақтарды бүгуге көмектеседі, ал серіппелер оны қайта ашады.
«Біз протездерді шығара бастағанда, олар АҚШ-та ғана жасалатын. Олар шамамен 5 мың доллар тұратын. Ал біздің протездің өзіндік құны 600 теңге. Шығын материалға ғана жұмсалды», - деді Алтынбек Қайырбатыров.
Енді ұстаз ҚТЛ дирекциясына хат жазып, осы сияқты протездерді лицейдің филиалы бар әрбір қалада жасауды ұсынбақ. Ол дайын құралдарды балаларға сыйға тартуды ұсынып отыр.
Қарағандыда протезді алатын бала табылды. Оның екі-ақ саусағы, яғни сұқ саусағы мен пен бас бармағы ғана бар бала алады. Лицейдің тәрбиеленушілері оған лайықты протез жасап шығармақ.
Ал, ұстаз Алтынбек Қайырбатыров өзінің тәрбиеленушілерімен бірге мидың импульстерін сезіп, кәдімгі қол сияқты қимылдайтын протез жасауды ойластырып жүр.
«Қазіргі кезде арнайы сканерлер жасалды, олар әрбір ми импульсінің қуаттылығын сезеді. Оны протез жасау барысында Штаттарда қолданады. Біз сондай сканерді сатып алып, жобалаумен айналыспақпыз. Қалай болғанда да біздің өнімдеріміздің өзіндік құны арзандау болады. Осылайша біз тәрбиеленушілеріміздің бойында ғылымға деген қызығушылық пен жақындарымызға көмектесу құштарлығын оятамыз», - деп түйіндеді ұстаз.