06.05.2014
«Бүгінде ғаламтордағы онлайн ойындардың көптігіне сан жетпейді. Алайда, өкінішке қарай, өзіміздің ұлттық өніміміз жоқ. Осы орайда өткен жылы ойындарды жасаушы Әсет Оспановқа алғаш рет қазақ тіліндегі ойын жасау идеясы келді. Сөйтіп 2013 жылдың қазан айында KazBussinesMedia қоры осы ойды қолдап, алғашқы қазақстандық браузерлік ойындарын жасауға кірісіп кеттік», - дейді KazBussinesMedia қоғамдық қорының төрағасы Асқар Омаров.
Ойын туралы айта келіп ол ойынның толықтай бұрынғы көшпелі бабаларымыздың өмір салтына негізделгенін тілге тиек етті. Ойынды құрастырушылар қазақтың байырғы бес қаруын айнытпай салып, түрлі құралдар мен өзге де заттарды барынша түпнұсқаға ұқсатқан. Атап айтар болсақ олар қанжар, қылыш, қалқан, шоқпар мен өзге де заттар.
«Барлық заттар, жауынгер құралдары толықтай біздің тарихымыздан алынып отыр. Ойын толықтай қазақстандық мамандар тарапынан дайындалып, ешбір жұмысқа шетелден мамандар тартылмады», - дейді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, ойынды қолданушылар «Шежіре» бөлімінде өздерінің руы туралы кеңінен мағлұматқа ие болып, «Даңқ ордасы» бөлімінен қазақ халқының танымал тұлғалары жайлы оқып-тани алады.
Айта кету керек, ойын қазақ және орыс тілінде шықты. Кейінірек, бұған ағылшын тіліндегі нұсқасы да қосылмақ.
«Бүгінде «NOMADS» браузерде қолжетімді. Алайда Android пен iOS үшін баламалы қосымшаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы мақсатты аудитория қазақстандық қолданушылар», - дейді Ә.Оспанов.
Мадина Нұрбекова