19.10.2017
Жалпы, Қазақстан үшін экономика құрылымын қайта құрылымдау өте қиынға түсті. Себебі, КСРО кезінде Қазақстан экономикасы шикізат тауарлары мен жартылай фабрикаттарға негізделді. Олар кейіннен Ресейдің немесе өзге елдердің кәсіпорындарында пайдаланылды. Толыққанды өндірісті ұйымдастыру бірінші кезекте дайын өнімді экспорттау едәуір тиімді болуымен байланысты. Сондықтанда Қазақстан экономикасын құрылымдау - шарасздық, бұл процесс үлкен қаржылай салымдарды қажет етеді. Ал, шетелдік инвесторлар өндіру саласына (мұнай, газ, түрлі түсті металлдар және т.б.) инвестиция құюды жөн көреді, сондықтан да қайта өңдеу саласын қаржыландыру, дамыту өте баяу жүруде. Осы ретте, экономиканы әртараптандыру бірнеше он жылдықтарға созылып кетуі мүмкін. Нәтижесінде, Қазақстан ұзақ жылдар бойы шикізат профилін ұстанатын болады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының экономикасында өсім байқалып отыр, әрине, барлық салаларда емес, дегенмен де бар. Жыл сайын өсім арта береді және де салалар тізімі де кеңейе түседі. Осының барлығына ҚР Президенті ұсынған елімізді жаңғырту өз септігін тигізуде.
ҚР ҰЭМ мәліметі бойынша, 2017 жылдың 9 айында қаңтар-тамыз айларында қол жеткізген экономикалық өсім белсенділігін сақтап қалды, алдын ала бағалаулар бойынша ол 4,3% құрады.
Қазіргі таңда, экономикалық өсімге макроэкономикалық тұрақтылық пен инвестициялық белсенділік, сонымен қатар, сыртқы нарықтардағы қолайлы жағдайлар септігін тигізуде.
Осылайша, өсімнің негізгі драйверіне өндіріс, құрылыс, сауда мен көлік және байланыс салалары айналды.
Өндіріс жыл басынан бері тұрақты өсімді көрсетіп отыр, ол қаңтар-қыркүйек айларында 8,3% құрады. Ал, тау-кен өндіру саласында өндіріс 11,3%- ға артты.
Ал, Қайта өңдеу саласының өсімі 7% көрсетті. Айтарлықтай өсім ішкі нарыққа бағытталған салаларда байқалды, бірінші кезекте бұл фармацевтика өнідірісі (36,1%-ға), жеңіл өнеркәсіп (9,6%-ға),азық-түлік өнімдері (5,3%-ға), сусындар (4,5%-ға), мұнай өнімдері (5,7%-ға) салалары.
Тұрақты өсімді экспортқа бейімделген салалар да көрсетіп отыр, мысалы, қара металл өндірісі 7,8%-ға, түсті металл 6,6%-ға артқан.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім 1,9% деңгейінде сақталып отыр. Осы ретте, құрылыс қаңтар-тамыз айындағы 0,1%-дан ағымдағы жылдың тоғыз айында 3,5%-ға дейін артты.
Экономиканың нақты секторындағы жоғарғы өсім қызмет көрсету саласының тұрақты даму траекториясына кезең кезеңімен көшуімен байланысты.
Ағымдағы жылдың 9 айында көлік қызметі 4,7%-ға, сауда мен байланыс 3,0%-ға, жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар 2,1%-ға көбейді.
Инвестициялау динамикасы да жайлап жақсарып келеді, бұл өз кезегінде экономика өсіміне оң әсер етуде. Ағымдағы жылдың 9 айында негізгі капиталға инвестиция көлемі 4,4%-ға өсті.
Инвестиция сауда (9,8%), құрылыс (5,8%), өндіріс (6,0%) салаларына көптеп тартылуда. Сонымен қатар, сумен қамту және кәріз жүйесіне инвестициялау 46,5%-ға, электр қуатымен қамтамасыз ету саласына инвестициялау 15,6%-ға артты.
Жалпы, бүгіндікке жеткен жетістігіміз осы. Бұл еліміздің жаңа экономикалық дамуының бастамасы ғана, себебі ҚР-ның әлеуеті зор және де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрсетіп берген ақын бағыт та бар.
Қайрат Жандыбаев