26.09.2017
Қонақтар өндіріс шарттарымен танысты. Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған кәсіпорында 45 тонна жүк көтеретін 18 карьерлік өзі жүкті түсіретін көліктер жиналған.
«Алғашқы екі-үш жыл база құру және сертификаттау, мамандарды дайындауға бағытталған болатын. Бүгінгі таңда бізде 98 адам жұмыс істейді. Қазір біз келісім шарт көлемін ұлғайтып, табысқа қол жеткіздік. «БелАЗ»-дың құжаттары және жобаларымен жүк көтеру мүмкіндігі 45 тонна 7547 сериялы жүк көліктерін жинаймыз. Осы уақытқа дейін 18 дана техниканы жинадық. Техниканың саны соңғы уақытта көбейді. 2017-ші жылға біз жоспар бойынша 10 машина жинауымыз керек», - деді «КазБелАЗ» БК ЖШС бас директоры Сергей Потылицын.
Оның айтуынша, Қарағандыда жиналған карьерлік жүк көліктерін отандық алтын өндіруші кәсіпорындар, сондай-ақ көмір шығарушы өндіріс ошақтары өздерінің рудниктерінде пайдаланады. Жалпы есептегенде Қазақстан нарығындағы сыйымдылық 300 дана көлікті құрайды – бұл өз ресурсын әбден сарқып бітірген машиналар.
Дегенмен, бұл техникадағы қазақстандық құрам айтарлықтай емес - 15%-дан сәл ғана асады. Әзірге барлық құрама бөлшектер Белорусиядан жеткізіледі.
Қазіргі таңда Қарағанды құю-машина құрастыру зауытының жабдықтарын жаңғырту бойынша ауқымды жоба аяқталуға жақын. Қайта қалпына келтіруге 61 млн АҚШ доллары бөлінген. Зауыт 80%-ға жаңартылады. Алдыңғы қатарлы әлемдік маркалардың құрылғылары орнатылған: СББ (сандық бағдарламалық басқару) бар заманауи станоктар, роботталған кешендер.
Жабдықтардың бір бөлігінің кеңес дәуірінен кейінгі елдерде баламасы жоқ. Зауыт 3D-моделдерді құруға және станоктан тыс басқару бағдарламаларын құруға мүмкіндік алды.
Жаңғырту шаралары кооперацияны үдетуге жол ашты. Жүк техникасына арналған барлық қосалқы бөлшектер, сондай-ақ жүк көліктерін жинауға арналған қосалқы заттар Қарағадыда шығарылатын болады.
Осылайша қазақстандық құрам ұлғайтылады. Белорус делегациясы Қарағандыдағы зауыттың жағдайына көңілі толатынын білдірді. Белорусияның Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қазақстандық әріптесі Асқар Мәминге қарағандылық серіктестеріне техниканы жасау құжаттама пакетін беруге дайын екендерін айтып жеткізді.
Айта кетейік, «Корпорация Казахмыс» ЖШС-нің Қарағанды құю-машина құрастыру зауытының базасында құрылған «КазБелАЗ» БК ЖШС 2010-шы жылдың наурызынан бері қызмет етіп келеді. Құрылтайшылары - «Корпорация Казахмыс» ЖШС (51%), «БелАЗ» ААҚ (29%) және «АстанаБелАЗСервис К» ЖШС (20%). Жоба еліміздің индустриализациялау Картасына қосылған және Белорус пен Қазақстан арасындағы 2009-2016 жылдарға арналған өзара экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына енгізілді. Оның мақсаты белорус еліндее шығарылған техниканың сервистік қызметін ұйымдастыру және келешекте карьерлік жүк көліктерін Қарағандыда жинау болатын.