09.09.2017
Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, Астана бюджетінің кіріс бөлігі 5 млрд 559 млн теңгеге артты. Бюджеттің негізгі қаражатын орта білім, денсаулық және әлеуметтік сала нысандарының материалдық-техникалық жабдықтауға арналған. Онымен бірге апатты және ескі үйлері сүріліп, әлеуетті инвестициялық жобалар іске асырылады.
Ағымдағы жылдың басынан қала бюджетіне 158 113 млн. теңге түсті.бұл көрсеткіштер өткен жылдың кірісінен 15 257 млн. теңгеге артық. Осыған байланысты депутаттарға жылдық жоспарлық қосымшаны 5 млрд 59 млн теңгеге арттыру ұсынылды.
Осылайша Астана қаласының бюджетінен құрылыс басқармасына 803 млн теңге бөлінетін болады. Бұл қаражаттан 643 млн. теңге көппәтерлі тұрғын-үйдің құрылысына жұмсалмақ, 40 млн теңге қаланың абаттандырылуына жұмсалады.
Құрылыс басқармасына спорттық нысандарды дамыту және жалпыбілім беретін мектептің спорттық алаңын салу үшін 50 млн теңге бөлінеді. Білім нысандарының құрылысы мен қайта қалпына келтіру жұмыстарына 48 млн теңге жұмсалады. Олардың 42 млн теңгесі 31, 28, 51, 52 және 68-ші мектептердің жапсарлас құрылысына жұмсалады. Ал 6 млн теңге сомасында қаражат 12 мектептің жобалауына қарастырылған.
Айта кетейік, коммуналды шаруашылық басқармасына бюджеттен қосымша 909 млн теңге, энергетика басқармасына – 131 млн теңге, көлік жолдары басқармасына – 924 млн теңге, денсаулық сақтау басқармасына – 239 млн теңге, білім басқармасына – 668 млн теңге бөлінеді.
Оған қоса, мәслихаттың кезектен тыс сессиясында келесі мәселелер бойынша шешімдер қабылданды: Астана қаласында көші-қон процестерін реттеу ережелері, мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе жылжымайтын мүлікті сатып алу жөнінде келесім-шарттар жобасын мақұлдау, Астана қ. кәсіпкерлік және өнеркәсіп мәселелері бойынша сарапшылар кеңесінің құрамы және т.б.