14.07.2017
«Қазіргі таңда «Орталық-Шығыс» жобасы бойынша автомобиль жолдарының құрылысы «Астана-Павлодар-Семей-Қалбатау-Өскемен» бағыты бойынша жүріп жатыр. Бұл жобаның, яғни жолдың жалпы ұзындығы 675 шақырым. Олар «Астана-Павлодар» және «Павлодар-Семей-Қалбатау(Гиоргиевка)» учаскелері болып табылады. Ағымдағы жылы Астана-Павлодар 400 шақырым жол болса соны 230 шақырымын төрт жолақты етіп пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Және жыл соңына дейін Қалбатау мен Семейдің екі ортасын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл жоба бойынша жұмыстар 2018 жылдың аяғына қарай толық бітеді», - деді ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы Еркебұлан Супалдияров.
Бас сарапшының айтуынша, Шығыс бағытындағы жол құрылысының жұмыстары 2019 жылы толығымен аяқталады.
«Соңғы нүкте Өскемен болып табылады. Қазіргі таңда Қалбатауға дейін жұмыстар жүргізілуде. Алайда Өскемен мен Қалбатаудың ортасын осы жылы бастап 2019 жылы бітіреміз деп жоспарлап отырмыз», - деді Еркебұлан Супалдияров.
Сонымен қатар, ол Өскемен-Қалбатау жол учаскесінде туындаған қиындықтармен де бөлісті.
«Бұл учаске 36 шақырым, осыдан бес алты жыл бұрын осы учаскеде басқа мердігер жұмыс істеген еді. Алайда, компания ішкі қаржы қиындықтарына байланысты құрылыс жұмыстарын тоқтатып қойды. Сондықтан, біз өз тарапымыздан бұл компаниямен келісім шартты бұзып, өткен жылы жаңа мердігерді тағайындадық. Бүгінде ол бұрынғы мердігер компания аяқтамаған 12 шақырым бойынша жұмысты соңына жеткізеді», - деп түйіндеді Еркебұлан Супалдияров.
Мөлдір Асқар