06.06.2017
Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин айтып өткендей, соңғы онжылдықта Қазақстан төрт мәрте Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу» баяндамасында жетекші әлемдік реформаторлар қатарына енгізілді, ал 2017 жылы 35-орынды иеленді.
«Жаһандық баяндамада Қазақстан еліміздің бизнесі шоғырланған ең ірі қала Алматы негізінде бағаланған. Алайда Алматы бүкіл елдегі жағдайды ашып көрсетпейтіндіктен, Қазақстан зерттеу аясын кеңейтіп, өңірлердегі күрмелі мәселелерді анықтау және де үздік тәжірибемен алмасу үшін суб-ұлттық рейтингті өткізу туралы шешім қабылдады», - деді С.Жұманғарин.
Еліміздің елордасы Астана және Алматы қаласын, сондай-ақ, Ақтөбе, Өскемен, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Шымкент сынды алты облыстық орталықты қамтыған есепке сәйкес елімізде бизнес жүргізу барысында бірсыпыра рәсімдер қолданылады, алайда бұл шаралар кәсіпкерлерге салыстырмалы түрде арзан түсіп отыр.
Дүниежүзілік банк командасының жетекшісі Жюльен Вилкин айтып өткендей, жүргізілген бағалау көрсетіп отырғандай, құрылыс жүргізуге рұқсат алу және электр қуатына қол жеткізуге келгенде, жергілікті билік нормативтік ережелерді дайындау және атқаруды барынша дербес жүргізе алатын болып отыр.
«Рейтингке қатысқан қалалардың барлығында кәсіпорынды тіркеу көрсеткіші бойынша кәсіпкерліктер ұқсас қиындықтарға тап болып жатады. Осы рәсімнен өтудің ұзақтығы арасындағы айырмашылық бар-жоғы жарты күнді құрайды. Астанадағы кәсіпкерлер бұл кезеңнен ең жылдам өтетін болса (8,5 күн), ал Ақтөбе, Қостанай және Өскеменде іскерлікпен айналысып жүрген тұлғалар 10 күн күтуі тиіс. Алайда аймақтағы көршілес елдермен салыстырар болсақ, осы рәсімге жұмсалатын уақыт Қазақстанда салыстырмалы түрде ұзақ уақытты алады. Мәселен, Өзбекстанда бұған 5,5 күн, Украинада 5 күн қажет», - деді Жюльен Вилкин.
Дегенмен, Қазақстанда коммерциялық жылжымайтын мүлікті табыстау құны мүліктің бар-жоғы 0,1%-ын құрайтындықтан, еліміз осы көрсеткіш бойынша көш бастап тұрған 10 елдің қатарына кіріп отыр. Сондай-ақ, зерттеуге қатысқан сегіз қаланың барлығында шағын және орта кәсіпорындарды ашу барынша аз шығынды қажет ететіндіктен, аталған қалалар бизнесті тіркеу құны секілді көрсеткіш бойынша әлемдік көшбасшылардың 20%-ына кіріп отыр.
«Жалпы алғанда, есепте қарастырылған кәсіпкерлік қызметті тіркеудің төрт көрсеткіші бойынша Алматы бизнес жүргізу үшін ең жайлы қала деп табылып отыр. Мәселен, электр қуатымен қамтитын жүйеге қосылу көрсеткіші бойынша тек Алматыда ғана жер қазу жұмыстарын жүргізуге рұқсатты алу үшін онлайн жүзінде өтініш жіберуге болады. Сондай-ақ, оңтүстік астана алғашқылардың бірі болып электр қуатын өшіріп тастауға мониторинг жүргізуді ендіріп, қуат беру көзін қайта қалпына келтіруді автоматтандырған», - деді ол.
Дүнижежүзілік банктің бизнес жүргізудің суб-ұлттық рейтингісі жөніндегі бағдарламасының жетекшісі Миерта Капаул айтып өткендей, соңғы жылдары Қазақстан жаңа заңдарды қабылдауға келгенде елеулі нәтижелерге қол жеткізіп, кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру бағытында ұдайы жұмыс жүргізіп келеді.
«Қазақстанға жаңадан шешімдерді ойлап табу керек емес. Республиканың басқа қалалары мен облыстарында өз тиімділігін дәлелдеген шараларды бизнесті жүргізудің оңайлығы жағынан артта қалып отырған елдімекендерге ендіру арқылы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бірыңғай заңнамалық және реттемелік база жергілікті деңгейде озық тәжірибемен бөлісуді жеңілдететіндіктен, бұл шағын және орта бизнес субъектілері үшін бизнес-климатты жақсартуға оңынан ықпал жасауы мүмкін», - деп атап өтті Миерта Капаул.
Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун айтып өткендей, іскерлік климатты жақсартуға арналған реформалардың жоспарын дайындау және жүзеге асыру күрделі міндет болып табылады,
«Өйткені бұл түрлі мемлекеттік органдарды осы іске тартуды, сондай-ақ, жұмысты үйлестіруді және де тиісті техникалық мүмкіндіктерді қажет етеді. Алайда кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы реформалар айтарлықтай тұрақты әрі инклюзивтік өсімді ынталандыра алады. Қазақстанда облыстардың реформаларды ойдағыдай жүзеге асыру жөнінде өзара тәжірибе алмасуы осы істе шешуші рөлге ие болу мүмкін», - деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун.
Айта кетейік, «Бизнес жүргізудің суб-ұлттық рейтингісі - 2017» есебін Дүниежүзілік банктің Жаһандық көрсеткіштер жөніндегі тобы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің сұратуы бойынша дайындады. Бизнес жүргізудің суб-ұлттық рейтингісі бір ел ішіндегі сан алуан елдімекендердегі нормативтік-құқықтық актілердің қолданылуы немесе реттеулі арасындағы айырмашылықты анықтау үшін бизнес жүргізудің жаһандық есебінде қолданылатын әдіснамаға негізделген.
Қайрат Жандыбаев
Фото: автор