17.10.2014
Компанияда хабарлағандай, биылғы байқау «Бірлігіміз жарасқан» тақырыбында КТК (Көңілді тапқырлар клубы) ойыны форматында Орталық аппарат пен компания филиалдары - Жүйелік оператордың Ұлттық Диспетчерлік Орталығы (ЖО ҰДО), Ақмола ЖЭТ, «Энергоинформ» АҚ командалары арасында өтті.
Қазылар алқасының мүшелері байқау қатысушыларының төрт кезеңнен тұратын бағдарламасын талқыға салды: сәлемдесу, әдеби байқау, үй тапсырмасы және музыкалық байқау. Командалар жұртшылық назарына қазақ тілінің көркем тіл байлығы молынан пайдаланылған ұтқыр ойлары мен өткір әзілдерін ұсына отырып, жан-жақты дайындықтарын көрсете білді.
«Байқау жеңімпазы болып танылған «Энергоинформ» АҚ командасы өз көрермендерінің ықыласына бөленіп, суырылып алға шықты. Компания орталық аппаратының мазмұнды да тағылымды өнер көрсете білген командасы күміс жүлдегер атанып, Компанияның «Ақмола ЖЭТ» және ЖО ҰДО филиалдары командаларының ойыншылары үшінші және төртінші орындарға ие болды», - делінген хабарламда.
Компанияда мемлекеттік тілді іс жүргізуге енгізуге, оның қолданыс аясын кеңейтуге, қызметкерлер арасында қазақ тіліндегі іскерлік тәжірибесін насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұған қоса, жыл сайын қазақ тілі байқауы, қызметкерлер үшін тәжірибелі оқытушылардың ұйымдастыруымен оқыту дәрістері және басқа да ынталандыру шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады.