18.09.2014
«Фестивальдің мақсаты - қаладағы барлық қоғамдық ұйымдардың, түрлі әлеуметтік топтардың күшін мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүргізуге, ынтымақтастықты, рухани тұтастықты, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге жұмылдыру», - делінген хабарламда.
Фестиваль барысында Алматы қаласының әкімі А. Есімов Алматы қаласында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, қалалық байқаулардың жеңімпаздарын марапаттайды.
Алматы қаласында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру үшін төмендегідей жұмыстар жасалуда.
Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сыныптарда оқитын балаларға арналған «Балаларға базарлық» атты 2 аудиокітап, жасөспірімдер үшін «Асыл сөз» атты қазақ қаламгерлерінің 5 әңгімесінен құрастырылған 1 аудио кітап шығарылды.
«Оған қоса, 3 дискіден тұратын қазақ тілін үйренуге арналған бейне құрал жарық көрді. Оған әлем ертегілерінің желісі бойынша жасалған слайд-шоулар және «Бізді қоршаған әлем» деген атпен мультфильмдер енген. Сонымен бірге, «Люблю, учу казахский» деген атпен 2 дискіден тұратын қазақ тілін өз бетінше үйренушілерге арналған электронды оқыту бағдарламасы әзірленді», - делінген хабарламада.
Тағы бір үлкен жоба - «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты мультфильмнің 85 сериясы жарық көрді. Қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 40 сериялы мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасы бойынша шығарылды.
Жоба қазақ эпостарының желісінде түсірілген анимациялық фильмдермен толықтырылды. Жинаққа «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», Ер Тарғын батыр», «Қамбар батыр» мультфильмдері енген. Мультфильмдердің жалпы хронометражы - 400 минут. 3D форматындағы графикалық тәсілмен жасалған қазақ тіліндегі тұңғыш мультфильмнің басты ерекшелігі - тіл үйретуге арналған бағдарлама енгізілгені және қазақ халқының этнографиясынан бірқатар мағлұмат беретіндігі.
Анимациялық фильмдерді жарыққа шығарудағы мақсат - мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тіліндегі қарым-қатынастық орта қалыптастыру, коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі қазақ тілінің қолданылуы аясын кеңейту. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыспен «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешенінің жаңа нұсқасы жарыққа шықты. Мультфильмдер жинағы және қазақ және ағылшын тілдерін үйретуге арналған кешен көмекші-әдістемелік құрал ретінде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне, балалар үйлері мен кітапханаларға тегін таратылды.