16.09.2017
Қазпоштадан хабарлағандай, 2016 жылдың басында газеттің тек 39%-ы шыққан күні тасымалданған болса, енді қазір компания бұл көрсеткішті 93,2%-ға дейін жеткізді. Бірақ қолайсыз ауа райы кездерінде және жол жағдайы қиын шалғайдағы елді мекендерге мерзімді басылымдарды тасымалдау біз үшін түйінді мәселе еді. 2017 жылдың басында газет шыққан күні 12%-ы жеткізілсе, ал қазір – 48%. Енді бұл мәселе дрондарды іске қосу арқылы шешіледі.
Сонымен, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап компания Қазақстанның 4 облысының 9 ауданында 30 маршрут бойынша сынама ұшыру өткізген болатын. 250 сағат ұшқанда (9 мың км-ден астам) дрондар 500 кг мерзімді басылым тасыды. Компанияның есебіне сүйенсек, мысалы, Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш – Дегерес ауылдары маршруты бойынша хат-хабарларды автокөлікпен тасымалдайтын болсақ, онда жолға шамамен 4 сағат уақыт кетеді (пошта маршруты 155 км-ді құрайды), ал бұл жолды дрон 40 минутта ұшып өтеді. Оңтүстік Қазақстан облысы Шаян – Ағыбет ауылдары маршруты 46-дан 26 км-ге, шамамен екі есе қысқарды (1,5 сағаттан 25 минутқа).
Пошта мамандары Қарағанды облысы Саран қаласынан Дубовка ауылына 2 кг салмақтағы дронды ұшырды.
«Автоматты режимде белгіленген маршрут бойынша ұшырылған дрон 10 минутта (автокөлікпен – 30 минут) сол орынға жетіп, пошта салынған пакетті тастаған соң, кері қайтып оралды. Пошта салынған пакетті ауыл пошташысы өңдейді де, газеттер мен хаттарды адресаттарға әдеттегі тәртіппен таратып береді. Айтқандай, дрон тек қана газеттер мен журналдар ғана емес, сондай-ақ салмағы 2 кг-ға дейінгі шағын сәлемдемелерді де жеткізеді», - деп атап өтті Қазпоштадан.
Бұл технология Қазпоштаның хат-хабарларды тасуға жұмсалатын шығынын айтарлықтай қыстартуға мүмкіндік береді және курьерлердің уақытын да үнемдейді. Автокөлік жолсыз жерлермен жарты күнде жететін ауылдық бөлімшеге дрон бар болғаны бір сағатта ұшып барады. Компания дронды ұшыруға рұқсат құжаттарын келіскен және жетекшілік ететін ведомство мақұлдаған, барлық бағыттар бойынша ұшу кестесі жасалған.
Айта кетер болсақ, жыл басынан бері Қазпошта 97, 2 млн дана мерзімді басылымды жеткізді, жыл соңына дейін әлі де 39,8 млн дана жеткізу жоспарланып отыр.