25.09.2017
Жоба 2015-2019-шы жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Оның жалпы құны - 3,4 млрд теңге. Жыл соңына дейін балқыту және пиролиздік цехтердің құрылысын көздейдін жобаның екінші кезеңін аяқтау жоспарланған.
« Қазіргі таңда зауыт құрылысының бірінші кезеңі іске қосылды. Пайдаланудан шыққан көлік құралдарын жинау бойынша белсенді жұмыстар жасалуда. Автоқоқысты біздің зауытқа республикамыздың түпкір-түпкірінен алып келеді. Осыған дейін 30 мыңнан астам машина қабылдап үлгердік. Әлі де қабылдау жалғасуда», - деді «RecyclingCompany» ЖШС басқарушы директоры Әзімжан Оспан.
Пайдаланудан шыққан көліктердің қалдықтарынан болат, алюминий, түрлі-түсті металдардың қоспалары, сондай-ақ резеңке ұнтағы мен көмірсутек өндіріледі. Сонымен қатар зауыт кәсіпорынды жылумен қамту үшін өз қажеттіліктеріне жарататын және сатылымға қоятын пешке қажетті жанармай шығара бастайды.
Кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше зауыт жылына 40 мыңнан астам ескі машиналарды қайта өңдеуге қауқарлы. Өнім ел ішінде сатылатын болады.
«Сату нарығы бар. Қазір зауыт тестілік режимде жұмыс істеп жатыр. Өнімді сату бойынша біз әлеуетті тұтынушылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деді Әзімжан Оспан.