03.02.2015
«Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында орта бизнесті дамыту бойынша жаңа механизм енгізілмек. Сынақ кезеңінде үш сала қамтылып, 30-40 компания қолдауға ие болады деп жоспарланған. Бағдарламаның операторы – барлық қаржылық институттардың басын қосқан «Бәйтерек» холдингі. Министрлік те өз тарапынан қолдау көрсетеді. Қазір біз жаңа экспорттық стратегияны әзірлеу бойынша жұмыс жасап жатырмыз, жаңа бірқатар тетіктер ұсынылады. Бағдарлама аясында кәсіпорындар осы қолдау шараларын пайдалана алады деген ойдамын.Бағдарламаға қосылған барлық нысанға қолғабыс көрсететін боламыз», - деді Ә.Исекешев.
Министр атап өткендей, қазір Үкіметте өндірістік өнеркәсіптерді қолдау жоспарының бірінші кезеңі қабылданды. Жұмыс орындарын сақтау үшін ірі бизнес пен өндірістік орындарды қолдау шаралары қабылданды.
Министрдің айтуынша, бүгін Үкімет жаңа экспорттық стратегия бойынша жұмыс істеуде.
«Бағдарлама еліміздің шикізаттық емес секторында бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған кәсіпорындар шоғырын қалыптастыруды көздейді», - деді Ә.Исекешев.
Айта кетейік, «Бәйтерек» АҚ орта бизнесті қолдаудың жаңа бағдарламасын әзірледі. Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру 20-30 бәсекеге қабілетті отандық компанияны дүниеге әкеледі.
Индира Кауметова