19.01.2015
«Білім беру бағдарламаларын дайындау бойынша кезеңдік жұмыс кестесі дайындалды. Жылына 23 инновациялық бағдарлама дайындау жоспарланған. Нәтижесінде экономиканың инновациялық секторына арналған маман дайындау бойынша 69 мамандық бағдарламасының мазмұны жаңартылады. ИИД бағдарламасының басты секторлары бойынша 2016-2019 жылдар аралығындағы маман қажеттілігі анықталды. Олардың саны 17 мыңды құрайды», - делінген хабарламада.
Мәселен, базалық ЖОО-да 10 530 студент дайындалады деп күтілуде. Соның ішінде металлургия бойынша 2760, мұнай-газ секторында 1220, химиялық өнеркәсіпте 469, азық-түлік өнеркәсібінен 1537, машинақұрастырудан 1895, құрылыс материалдары өндірісінен 348, инновациялық сектордан 2301 адам деп күтілуде. Өзге де салалық ЖОО базаларында 6470 маман дайындалады.
Сонымен қатар жаңа мамандықтар үшін 22 зертхана салынбақ.
Естеріңізге сала кетейік, 2015-2019 жылдарға арналған ҚР индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі экономиканың басты секторларында жоғары білікті маман дайындау мен ғылыми-техникалық қолдау көрсету болып табылады.
Өндірісті 14 индустриялды бағдарлама мен жобалар бойынша жоғары білікті маманмен қамтудың картасы дайындалды. Атап айтар болсақ, сирек металлдар, геологиялық барлау, автокөлік пен автокөлік құрастыру, азық-түлік өнеркәсібі технологиясы, құрылыс материалдары өндірісі, темір жол техникасы өндірісі, мұнай-газ химиясы, электр құрылғылары мен өзге де салалар.
Аталмыш салаларды ескере отырып 11 ЖОО анықталды. Енді олардың 10-ы іріктеліп алынады. Осы оқу орындарында жаңа технологиялық прогресстерді ескере отырып шет елдік әріптестермен бірлесе жаңа білім беру бағдарлама бойынша мамандар дайындалмақ.
Мысалға, Астана қаласында ИИД МБ-на Назарбаев Университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университет дайындайтын болады.
Орталық өңірде салалық мамандануды ескере отырып Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне аталмыш міндет жүктелмек.
Шығыста Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті машинақұрастыру, металлургия, энергетика мен мұнай-химиясы үшін маман дайындайтын болады.
Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті базалық оқу орнына айналып, оған Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Қ.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті қосылмақ.
Оңтүстік өңірде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті химия, жеңіл өнеркәсіп пен АӨК үшін маман дайындайды.
Батыс өңірде мұнай-газ саласы мен мұнай-химия саласына Атырау мұнай және газ институты маман дайындамақ.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті өңірді АӨК мамандарымен және инженерлермен қамамасыз етпек.