• usd -1.56%
    431.37
  • eur -3.51%
    492.67
  • rub +0.01%
    5.71
  • gbp -4.40%
    583
  • cny -0.24%
    67.83
ОҚО-да жылына 60 млн дана кірпіш шығаратын зауыт ашылды 23.12.2014

Бұл жоба мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асты. Кәсіпорын жылына 60 млн. дана кірпіш шығарып, 92 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыттағы өндірістік желілерге 1,3 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, толық өндірістік қуаттылыққа шыққан кезде өңірдегі нарық сұранысын 20-25 пайызға қамтитын болады.

Зауытта әлемдік стандарттарға жауап беретін жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған. Толықтай автоматтандырылған технологиялық желілер көп компонентті қоспалардан геометриялық пішіні толықтай сақталған 8 түрлі формадағы әрлік кірпіштер шығарады. Мұнда орнатылған озық технологиялардың тағы бір ұтымды тұсы – бұл шығарылған өнім құнының төмендігі мен өндірістік қалдықтың қайта өңделуі.

Мамандардың айтуынша өңір нарығында күйдірілген кірпіштің бағасы 35-36 теңгеден болса, ал бұл зауыттың өнімі 32-33 теңгеден сатылымға шығарылып отыр екен. Жаңа өндіріс орнының жұмысымен танысқан облыс әкімі кәсіпорынға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында газ құбырын тарту үшін мемлекеттік қолдау көрсетілгенін атап өтті.

«Биыл Елбасы жариялаған Индустрияландыру бағдарламасының бес жылдығы қорытындыланады. Биылғы жылдың өзінде біз Индустрияландыру картасына енген 41-ші жобаны іске қосып отырмыз. Жыл соңына дейін тағы 14 жоба іске қосылады. Жиынтығында Оңтүстік Қазақстан облысында Индустрияландыру шеңберінде іске асқан жобалардың саны биыл 135-ке жетеді. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш»,-деді Асқар Мырзахметов кәсіпорынның жұмысымен танысу барысында.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 1,2 трлн.тг.құрайтын және 32,9 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуын көздейтін 223 жоба іске асырылуда.


Back to the list