13.10.2014
«2015 жылға қарай оқулықты қайта басып шығарудың төрт жылдық айналымына сай оқулықтарды жыл сайын кезеңдік сатып алу арқылы мемлекеттік қаражат есебінен барлық оқушыларға тегін оқулық пен оқыту-әдістемелік кешен берілетін болады», - дейді министр.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, республика бойынша оқушылардың 3,6 пайызына ата-аналар өз қалталарынан оқулық алып береді. Соның ішінде жоғарғы сынып оқушыларында оқулық жетіспеушілігі көбірек байқалады. Мектептер бірінші кезекте төменгі сынып пен орта сынып балаларының кітаппен қамтамасыз етілуіне мән береді. Нәтижесінде 10-11 сынып оқушылары өз қаражаттарымен кітап алады.
«Бүгінгі таңда Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етілген. Қалған өңірлерде оқулық жетіспейді», - дейді.
Жалпы, оның айтуынша, тегін оқулықпен қамтамасыз етілу деңгейі республика бойынша 96,4 пайызды құрайды. Сонымен қатар, 2011 жылдың 24 қазанындағы «Білім беру туралы» заңына енгізілген түзетулер мен білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сай 2012 жылдан бастап барлық оқушыларды тегін кітаппен қамту қарастырылған.
Сондай-ақ, ведомство басшысы мәжілісмендерге оқу әдебиеттерін қамтамасыз ету бойынша жауапкершіліктің 4 деңгейі жүйесі туралы айтты.
Камила Амирова