07.11.2017
Бұл заң жобалары Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауы және бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында әзірленген. Жобалардағы жаңалықтар салық саясатын жетілдіруге, салық әкімшілендірулерін жақсартуға, салық салу саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетулердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасын сенаторларға ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов таныстырды.
Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінің идеологиясы адал салық төлеушіні қорғауға бағытталған. Ол салық төлеу барысында дау туындаған жағдайда түсінбеушіліктер мен дәлсіздіктерді салық төлеушінің пайдасына түсіндіретін болады.
Экономиканың түрлі секторларын ынталандыру мен әкімшілендіруді оңайлату да көзделіп отыр. Бірқатар түзетулер бизнестің салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерден хабардар болуын арттыруға бағытталған.
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық тәртіптері сақталатын болады. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдау түрінде алынатын салық салудан босату да қарастырылады.
Электрондық сауданы дамыту үшін электрондық сауда саласында алынатын корпоративтік және жеке табыс салығынан босату да көзделеді. Ынталандыру шаралары аграрлық, жер қойнауын пайдалану, қаржы және басқа салаларға да қатысты болады.
Қосымша баяндама жасаған қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділов мемлекеттік кіріс органдары салық төлеушілермен өзара айқын іс-қимыл орнату мақсатында заңдылық, тиімділік және әкімшілендіру тәуекелдеріне бағдарланған ұстанымдарға сүйенетінін атап өтті.
Салық тәртібін арттыру мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесі қайта қаралады. Салық төлеушілердің әртүрді санаттарына салық әкімшілендіруінің түрлі тәсілдері енгізіледі.