11.09.2017
Н. Нығматулин Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігін, оның ішінде латын графикасына өту туралы атап өткенін айтты.
«Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы, қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қазақ тілі – ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру, біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор» - деді Мәжіліс Төрағасы.
Осы ретте Палата спикері тіл және жаңа әліпби мәселесінде қателікке жол беруге болмайтынына, қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші латын жазуына көшу екендігіне және әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор екеніне тоқталды. Н. Нығматулиннің пікірінше, қазақ тілін жаңғырту оның бар әлеуетін ашу үшін қажет.
«Латын жазуына көшу ең алдымен қазақ әліпбиін және орфография ережелерін қайта қалыптастыруға бағытталып отыр, бұл тіл фонетикасы мен оның графикасы арасындағы сәйкестікті анықтауға мүмкіндік береді. Латын жазуын енгізу мемлекеттік тілді дамытудың ішкі мәселелерін шешуге ғана арналады. Елбасымыздың осы мәселеге қатысты берік, жүйелі ұстанымы барша халықтың орыс тілі елімізде әлемдік тіл ретінде қазақстандық қоғамда бұрынғысынша маңызды рөл атқаратынын түсінуне ықпал етуі тиіс. Мемлекет үш тілділікті дамыту саясатын бұрынғысынша жалғастырады», - деп атап өтті Н. Нығматулин.
Маңызды факторлардың арасында жүргізіліп жатқан реформаның жүйелілігі мен кезеңділігі де аталды. Өзара байланысты іс-шаралар кешені оқытушыларды даярлауға, халықтың түрлі топтарын оқытуға, оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуге, іс жүргізуді латын жазуына көшіруге бағытталады.
«Латын жазуына көшу қарқынды түрде жүзеге асырылады, алайда, мұнда асығыстық жасап, ойластырылмаған әрекеттерге жол беруге болмайды. Осылайша ғана біз Елбасының тапсырмасын сапалы орындай аламыз», - деді Мәжіліс спикері.
Отырыс барысында халық қалаулылары мен белгілі саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар мен тіл мамандары, қоғамдық ұйым мүшелері жаңа әліпбидің жобасын әзірлеген мамандардың еңбектерімен танысты.