• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Мәжіліс Қырғызстанға көмек көрсету туралы ратификациялық актілерді мақұлдады 14.06.2017

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттама екі ел арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді іске асыру мақсатында әзірленген.

Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциялану процесіне жәрдемдесу мақсатында Қазақстан тарапы Қырғыз тарапына 100 млн. АҚШ долларына баламалы көмек көрсетеді.

Көрсетілетін көмек кезең-кезеңімен транштармен бөлінеді және көрсетілетін қызметтер, жабдықтар, тауарлар, оқыту, ақша қаражаты түрінде берілуі мүмкін.

Екі мемлекет арасындағы Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаға енгізілген өзгерістер 41 038 096 АҚШ долларына баламалы түрде бөлінетіні қарастырылған.

Көмектің бірінші траншы кедендік әкімшілендіру, техникалық реттеу, көлік инфрақұрылымы, ақпараттық өзара іс-қимыл, өртке қарсы қауіпсіздік, денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, фитосанитариялық және ветеринариялық шараларға бағытталған.

Сонымен қатар бүгін, Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісім туралы ратификацияланатын заң жобасын да мақұлдады.

Тараптар оған қол қойған күннен бастап күнтізбелік 15 күн өткен соң теміржол көлігімен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен Қырғыз Республикасына/Қырғыз Республикасынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден/Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге тасымалданатын жүктерге және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасында теміржол көлігімен тасымалданатын жүктерге қатысты қатынас түрлері бойынша біріздендірілген тарифтер (экспорттық, импорттық және мемлекетішілік тарифтер) туралы ережелерді уақытша қолданады.

Мәжіліс депутаттары осы отырыста бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар архив ісі мен коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы, сондай-ақ ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы. 


Back to the list