• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
ҚР бюджеті: Мемлекеттің  кірісі мен шығысы 07.06.2017

Министр хабарлағандай, 2016 жылы сыртқы факторларға байланысты негізгі экспорттық тауарлардың бағасының төмендеуіне  қарамастан, экономиканың көлемі 1%-ға өсті. Ол  бюджет кірістерінің ұлғайуына және олардың жоспарға қарағанда артығымен орындалуына бірден-бір себеп болды. 

«Нәтижесінде кірістер 109,1%-ға артығымен орындалды, бюджетке 7,7 трлн.теңге түсті. Бұл 370 млрд.теңгені Ұлттық қордан тартпай сақтап қалуға мүмкіндік берді.  Шығыстар 2015 жылға қарағанда 1 трлн.338 млрд.теңгеге өсуімен игеріліп, 98,3%-ға атқарылды. Бұл айтарлықтай жоғары деңгей», - деп хабарлады Б. Сұлтанов.

Министр атап өткендей, әлеуметтік сала әрқашанда басым болып табылады. Олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі былтырғы жылы 7,2%-ға жетіп, жалпы шығыстардың жартысын құрады.

«Бюджет тапшылығының көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 1,7% құрады, яғни жоспардан 18%-ға төмен. Кірістерді асыра орындау және шығыстар бойынша үнемдеу есебінен 158 млрд.теңге қазынашылық шотта кассалық қалдықтар қалыптасты», - деді спикер.

Еліміздің бас қаржыгері бюджет кірістерінің Ұлттық қордан алынатын трансферттерге тәуекелділігі туралы айтып берді.

«Расында, осы трансферттердің көлемі ұлғайды.  Олар дағдарыс кезінде экономиканы  қолдауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта шығыстарды қаржыландырудағы кепілдендірілген трансферттің үлесі біртіндеп 2020 жылы  2 трлн.теңгеге дейін азаятын болады. Ал, Ұлттық қордың активтеріне келетін болсақ, оларды диверсификациялу арқылы қордың табысын арттыру көзделіп отыр. Бұдан басқа, республикалық меншікті жекешелендіруден және холдингтердің активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражаттың барлығы Ұлттық қорға жіберілетін болады», - деп сендірді Б. Сұлтанов.

Шығындардың тиімділігін артыруға кететін болсақ, ведомство басшысы қаражаттың тиімсіз жұмсалу сомасы 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге азайып,  268 млрд.теңгені құрағанын тілге тиек етті.

«Сондықтан, осы көрсеткішті әрі қарай азайту үшін біраз жұмыстар атқару жоспарланып отыр. Біріншіден, квазимемлекеттік субъектілердің шоттарындағы қалдықтарды азайту. Бірнеше пікірлер бар.  Олардың ішінде, осы қалдықтарды бюджет кірісіне қайтару және осы субъектілердің басқа жобаларын қаржыландыруға рұқсат беру.  Бұл  мәселе қазір жұмыс тобында талқылануда. Екіншіден, жарғылық капиталға беретін қаражатты азайту керек деген Сіздердің ұсыныстарыңыз бар. Ол үшін  жоспарлау кезінде қаржы-экономикалық негіздемеде көрсетілген соманың бәрін бірден бермей, кезең-кезеңімен қарастыратын боламыз. Бұнымен қатар, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруда мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін кеңірек қолданатын боламыз.  Үшіншіден, өткен жылы біз бақылау жұмыстарында мемлекеттік аудитке көштік. Бірақ, бюджет және сатып алу рәсімдерінде бұзушылықтар әлі де бар. Оны төмендету үшін бюджеттің атқарылуы кезінде превентивтік шараларды  қолдануды күшейтеміз», -  деді ведомство басшысы. 

Бұдан басқа,  2018 жылдың бюджет жобасын Есеп комитетінің биыл алғашқы рет алдын ала бағалауы бюджет қаражатының тиімсіздігін азайтуға көмек жасайтын болады.

«Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес біз заң жобасын әзірледік. Оның ішінде орталықтандырылған қызмет принципі бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізу, квазимемлекеттік субъектілердің барлық сатып алу процессін  электрондық форматқа ауыстыру көзделген. Олардың сатып алу рәсімдерін Ішкі мемлекеттік аудит комитеті бақылайтын болады. Алтыншыдан, қаражаттың нақты экономикаға тез жетуіне кедергі жасайтын бюджеттік рәсімдерді қысқартамыз.   Дебиторлық берешектерді азайту үшін бюджеттік инвестициялық жобаларға аванс төлеу механизмін қайта қарастырамыз. Жетіншіден,  2016 жылы біз бюджеттік бағдарламалардың құрылымын өзгерттік. Олар стратегиялық мақсаттармен байланыстырылды. Осы жұмыс оң қортынды беруі керек», - деп толықтырды Б.Сұлтанов.

Министр атап өткендей, қазір Үкіметте мемлекеттік органдардың  стратегиялық жоспарларының индикаторларының өзгеруіне тыйым салу қарастырылуда.

«Бұл жоспардың сапасын арттыруға, олар орындалмаған жағдайда мемлекеттік органдардың басшыларын жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Бюджеттің атқарылуы оның сапалы жоспарлануына байланысты. Алдағы жылдың бюджетін дайындау кезінде бюджеттік өтінімдерді бюджеттік заңнамаға сәйкес келтірмей берген әкімшіліктердің лауазымды тұлғаларын жауапқа тартуды  қарастырамыз», - деді ол.

Өз сөзін қорытындылаған министр мемлекеттік қарыз туралы айтып берді. Сонымен, бюджет тапшылығының көлемі ЖІӨ-ге шаққанда жоспардағы 2%-дың орнына 1,7% құрады. 

«Борыштық жүктеме қауіпсіз деңгейде қалып отыр. Орта мерзімдегі жоспарда бюджет тапшылығын  тек ішкі ресурстардың есебінен қаржыландыруды және оның  мөлшерін  ЖІӨ-ге шаққанда 1%-ға дейін төмендетуді жоспарлаудамыз. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышы 2,6 млрд.долларға азайып, 16,2 млрд.долларды құрады. Холдингтер мен ұлттық компаниялардың сырттан қарыз алу операциялары Үкімет тарапынан ерекше бақылауда болады.  Тиісті  заң жобасы қазір Сенатта қаралуда.Ұлттық холдингтер мен компаниялардың директорлар кеңесінде қарыздар алуда шамадан тыс міндеттемелерді болдырмау мәселесі тоқсан сайын қаралады», - деп түйді  Б.Сұлтанов.

Қайрат Жандыбаев


Back to the list