17.05.2017
Депутаттар «Білім-инновация» және «Білім-орда» халықаралық қоғамдық қорларының ұстаздары және басшылығымен кездесті.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова шараны аша келіп, Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді білім беру жүйесінде іске асыру туралы атап өтті. Сенатор Мемлекет басшысы алға қойған рухани жаңғыру міндеттері арасында ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы мен сананың ашықтығы ерекше орын алатынын еске салды.
"Біздің еліміздің интеллектуалдық әлеуетін дамыту мен саналы жас ұрпақ тәрбиелеуде «Білім-инновация» және «Білім-орда» халықаралық қоғамдық қорлары ерекше үлес қосады", - деді ол.
Сенаторлар білім және ғылым министрлігіне «Білім инновация» лицейлерінің алдыңғы қатардағы тәжірибесін бүкіл елімізде кеңінен таратуды ұсынды. Түлектердің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін осы заманғы білім беру әдістемесі мен үш тілде оқытуды енгізу, технологиялық жабдықтауды жаңғырту туралы бірінші кезекте айтылды.
Кездесуді қорытындылай келіп сенатор Б. Әйтімова шараның маңызды әрі нәтижелі болғанын атап өтті. Оның пікірінше, жүздесуге қатысушылар заң ережелерін білім беру саласында іске асырудың мән-жайы туралы хабардар болды.