• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Мәжіліс азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдады 17.05.2017

Заңжобасы Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында әзірленген.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, 2017-2018 жылдар аралығы, республикалық бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері біртіндеп көтерілетін болады. Ынтымақты зейнетақы жыл басынан 9%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 11%-ға артатын болады. Базалық зейнетақы жыл басынан 7%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 13%-ға артады. Нәтижесінде 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшерінің 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін жоғарылауын қамтамасыз етеміз. Бұл өсім барлық зейнеткерлерді немесе 2 миллионнан астам адамды қамтиды», - деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Жоғарыда келтірілген өзгерістерді есепке ала отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшері, 2016 жылдағы 37 789 теңгеден (базалық зейнетақыны есептегенде) 2017 жылдың 1 шілдесінен 45 711 теңгеге дейін көтеріледі. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін жоғарылайды.  

Бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 7%-ға артқан болса, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға ұлғаяды. Нәтижесінде, 2016 жылмен салыстырғанда, 2017 жылы өсім 27%-ды құрайды, деп хабарлады ҚР ЕХӘДМ.

«Егер 2016 жылы бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 66 621 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 71 270 теңгені, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 86 222 теңгені құрайтын болады. Бала туғанға байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақы төртінші және одан кейінгі балаларға ағымдағы жылы 111 035 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 118 мың теңгеге дейін жоғарылады, ал 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 142 947 теңгеге тең болады», - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Жалпы, зейнетақылар мен аталған жәрдемақы түрін ұлғайтуға, республикалық бюджеттен 81,6 млрд теңге қарастырылған.


Back to the list