28.04.2017
Министр атап өткендей, көлікті қою және тоқтау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл көлемін төмендету ұсынылып отыр.
«Фардың жақын жарығын міндетті түрде жағу ережесі алғаш рет бұзылғанда ескерту беру ұсынылып отыр. Бұдан басқа, такси жүргізушілеріне арнайы қоғамдық көлікке бөлінген жолақпен жүруге заңнамалық деңгейде рұқсат беру және такси көліктерін ортақ бір түске бояуды енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл өз кезегінде такси қызметтерінің жұмысын бір жолға қоюға мүмкіндік береді», - деді Қ.Қасымов.
Министрдің айтуынша, жолдардағы қауіпсіздікті шамамен 13 мың полиция қызметкері және үш мыңнан астам арнайы көліктер қамтамасыз етеді.
«Патрульдік көліктер тіркеу құрылғыларымен, ал полиция қызметкерлері жетондармен қамтылған. Бұдан басқа, осы жылдан бастап біз ескі қол радарларынан жоспар бойынша арылатын боламыз. Олардың орнына үш аяқты автоматтандырылған радарларды сатып аламыз. Бұл құрылғылар тәртіп бұзушылықтарды полиция қызметкерлерісіз өздері анықтап көрсететін болады», - деп толықтырды ол.
Осы ретте ақпараттақ жүргізушіге пошта арқылы келетін болады, яғни радарлар бұзушылықтарды тіркеу стационарлық автоматтандырылған жүйесі сияқты жұмыс істейтін болады.
«Еліміз бойынша 1,5 мың стационарлық бақылау жүйесі орнатылған, өткен жылы олар шамамен 900 мың ереже бұзу жағдайларын тіркеп, бюджетке 5 млн теңге түсім түсірді», - деп атап өтті спикер.
Ақбота Кузекбай