06.04.2017
Құжатқа қолдау білдірген сенатор Асхат Күзеков заң жобасының маңыздылығын айта келіп, дәрігерлік сарапшылардың, аэронавигациялық қызмет көрсетушілер мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін, сондай-ақ жолаушылар мен жүк жіберушілердің құқықтарын қорғаудың мейлінше жоғары дәрежесін заңды түрде бекіту арқылы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ережелерге назар аудару қажеттігін атап өтті.
«Заң жобасында қалыптасқан халықаралық тәжірибе мен ИКАО стандарттарына сай мемлекеттің халықаралық-құқықтық міндеттемелерінен туындайтын барлық мәселелер көрініс тапқан», - деді сенатор.
«Заң жобасы әуе кеңістігі мен авиация қызметінің бақылауын арттыру және күшейту мәселелерін қарастырады. Сондай-ақ, авиациялық персоналды медициналық қамтуды авиациялық медициналық орталықтарды сертификациялаудың жаңа түрі бойынша жүзеге асыру көзделген. Заң жобасы аясында азаматтық авиация қызметін ұйымдастыру механизмі әзірленді. Оның басты дәнекері ұшулардың қауіпсіздік деңгейін жетілдіру және арттыру болып табылады», - деді сенатор.
Оның айтуынша, ұшудың қауіпсіздігін медициналық сарапшылардың жауапкершілігін негіздеу арқылы жүзеге асыру тиімдірек.
Айта кетейік, заң жобасы мемлекеттің халықаралық -құқықтық қызметінен шығып, халықаралық тәжірибе мен ИКАО-ға негізделіп отыр.