31.03.2017
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Бектұрғанов Астанада республикалық деңгейдегі театр кәсіпорнын ашуды ұсынды.
«Бүгінде республикалық және министрлік деңгейіндегі театрларды түгендегенде Алматы алдымызға орала береді. Ал, Астанада театр өнерін дамыту үшін қандай шаралар жүзеге асырылуда? Біздіңше, Мәдениет және спорт министрлігі елордада «Театрлар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын ашуы керек. Бұл мәселені республикалық деңгейде шешкен дұрыс. Біздің үлгіміз – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, ол Қызылорда қаласынан түбегейлі Алматыға көшірілген болатын», - деді С.Бектұрғанов.
Депутаттың айтуынша, бүгінде Астанада аталмыш мекемені құруға күш пен қаржы жеткілікті.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы министрлікке қарайтын елордадағы мәдениет нысандарын айтып өтті.
«Астанада мәдениет орталықтары жеткілікті. Біріншісі – «Астана Опера». Біз бұл театрды мақтан тұтамыз. Театрдың балет труппасын итальялық тарап өз қаржысына шақырды. Екіншісі – ҚР Ұлттық музейі. Қазір музейде «Музейдегі түн» сынды бірқатар шаралар жүзеге асырылып жүр. Үшінші – ҚР Ұлттық академиялық кітапхана. Кітапхана рухани орталыққа айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық халықаралық конференциялар осы ошақта өтеді. Мемлекет басшысы Хореография академиясын ашқан болатын, оның құрамында «Астана Балет» балет театры бар», - деді министр.
А.Мұхамедиұлы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өз бақылауына ірі мерекелік шаралар өтетін «Қазақстан» Орталық концерт залын алғанын айтты.
Ақбота Күзекбай
Фото: Арман Мұхатов