20.02.2017
«Біз республика бойынша барлық кезектерді бір республикалық кезекке біріктіруді, балабақшаларға жолдама беруді «электрондық үкімет» деңгейінде автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде әр түрлі қалаларда жағдай әр түрліше қалыптасуда. Кезекке қоюды әкімдіктер жүзеге асырады. Іс жүзінде «Балапан» бағдарламасы бойынша барлық қаражатты жоо-дағы гранттар қағидаты бойынша балабақша үшін төлем ретінде ата-аналарға беру қажет. Сол кезде ата-аналар үздік ұйымдарды таңдап, мемлекеттік тапсырыс соларға берілетін болады. Ол мемлекеттік немесе жекеменшік балабақша да болуы мүмкін», - деп мәлімдеді Е.Сағадиев.
Министр атап өткендей, қойылған міндеттерді жарты жылда орындап шығуға болады.
«Қазіргі уақытта Астана, Қарағанды, Алматы және Қостанай әкімдіктерінде пилоттық жобалар енгізіліп жатыр. Барлық төрт жобаны талдап, республика деңгейінде енгізу үшін біреуін таңдайтын жұмыс тобы құрылды. Яғни жұмыс жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті Е.Сағадиев.
Қайрат Жандыбаев