• usd -1.56%
    431.37
  • eur -3.51%
    492.67
  • rub +0.01%
    5.71
  • gbp -4.40%
    583
  • cny -0.24%
    67.83
Қазақстанда Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы құрылмақ 18.01.2017

«Келісімге 2012 жылы Астана қаласында ЮНЕСКО бас директорының ҚР-ға ресми сапары барысында қол қойылды. 17 мемлекеттің ішінен Қазақстанды таңдау ЮНЕСКО-ның Қазақстанның гляциология саласындағы жетістіктерін мойындауы болып табылады», - деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев заң жобасын таныстыра отырып.

Оның айтуы бойынша, Қазақстанның ғалымдары 60 жыл бойы осы салада зерттеулер жүргізуде.

«Орталықтың құрылуы су қауіпсіздігі, сондай-ақ климаттың өзгеруі проблемалары бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулердің деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. География институтынан орталықта жұмыс істеу үшін алдын ала 43 маман іріктелген, олардың 52,4%-ы жас мамандар. Орталықтың құрылу кезеңінде қызметтік үй-жай, жабдық, бағдарламалық қамтамасыз ету және техникалық құралдарды география институты бөледі», - деп мәлімдеді министр.

Ол бұл орталықтың Орталық Азия елдері ғалымдарының зерттеу бойынша күштерін біріктіруге және үйлестіруге арналғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта ҚР БҒМ гляциологиялық орталық құру үшін қажетті барлық іс-шаралар кешенін орындады. ҚР Үкіметінің келісіміне сәйкес, орталықты қаржыландыру үшін қажетті қаражат бөлінген. Қазақстан үшін осы орталықтың құрылуы өте маңызды. 2016 жылы 95 млн теңге бөлінген», - деді Е. Сағадиев.

Министр мұндай орталықтың әлемде алғаш рет құрылып жатқанын қосты.

«Мұндай орталық әлемде алғаш рет құрылуда. Құрамы әр 5 жыл сайын өзгеріп отыратын басқарушылар кеңесін құру жоспарланып отыр. Орталықтың басқарушылар кеңесінің құрамына ЮНЕСКО екі өкілін және ҚР-дан 5 өкілді қосу жоспарлануда», - деп қорытты БҒМ басшысы.

Атап өтейік, Орталық Азия өңірлік гляциология орталығы (2-санат) ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіруді нығайту жөніндегі функциялар мен міндеттерді орындайды, ғылыми зерттеулерді жүзеге асырады, өңірлік ғылыми-зерттеу бағдарламаларының әзірлемелерін көтермелейді.

Қайрат Жандыбаев


Back to the list