• usd -1.56%
    431.37
  • eur -3.51%
    492.67
  • rub +0.01%
    5.71
  • gbp -4.40%
    583
  • cny -0.24%
    67.83
Сенат  Рақымшылық жасау туралы  заңды қабылдады 09.12.2016

 Палата Қазақстан Республикасының Президентінің бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады. Заң 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасының қылмыстық саясатын ізгілендіруге бағытталған.

Құжатпен қылмыстық әрекеттер және жеңіл қылмыстар жасаған адамдарды; ауырлығы орташа қылмыстары үшiн сотталған: әлеуметтік әлсіз қамтылған азаматтардың санатына жататын адамдарды (кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді және кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды); әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылған азаматтардың санатына жатпайтын, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазасын өтеп жүрген және пробациялық бақылаудағы, сондай-ақ сот үкімі бойынша шартты түрде соттау қолданыла отырып бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жүрген адамдарды жазадан босату көзделеді.

Заң азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылғандар санатына жатпайтын, ауырлығы орташа қылмыстары үшiн бас бостандығынан айырылған адамдарға жазасының өтелмеген бөлігін айыппұлға не бас бостандығын шектеуге алмастыруды көздейді. Азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіздер санатына жататын адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінде көзделген экономикалық қызмет саласындағы ауыр қылмыстары үшін сотталған адамдарға, залалды толық өтеген жағдайда, осы Заң қолданысқа енгiзілетін күнге жаза мерзімінің өтелмеген бөлiгiнің жартысын; азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіздер санатына жатпайтын, ауыр қылмыстары үшін сотталған адамдарға, қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда, төрттен бір бөлігін; азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіздер санатына жататын, аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдарға бестен бір бөлігін қысқарту ұсынылады.

Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша, сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіздер санатына жататын адамдарға қатысты ауырлығы орташа қылмыстар бойынша барлық қылмыстық істер және соттар қарамаған істер бойынша іс жүргізу тоқтатылады. Палата «Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» заңға түзетулерді қабылдады.

Құжаттың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және жоғарыда айтылған заңның қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру мерзімін 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту болып табылады. Жан-жақты талқылай келіп, сенаторлар заңнамаға мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2016 жылғы 14 маусымда Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында берген тапсырмасы бойынша әзірленген болатын.

Құжатпен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына мемлекеттік органдарға осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізгеннен кейін жалпы конкурс өткізу құқығын беру арқылы конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімін қысқарту бөлігіне түзетулер енгізіледі.

Одан басқа құқық қорғау органдарына қызметке алғаш рет кіретін азаматтар үшін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органда тестілеуден өтуді енгізу мерзімдеріне қатысты түзетулер көзделген. Қазақстан Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Қазақстан Республикасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісім ратификацияланды. Келісімге 2015 жылғы 27 тамызда Астанада қол қойылған болатын. Бұл құжаттың негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасында АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкін құру және жұмыс істеу мәселелерін регламенттеу болып табылады.

Төмен байытылған уран банкі атом электр станциялары үшін отын дайындауға арналған бастапқы материалдың резервтік қорын білдіреді. АЭХА өзінің бақылауында болатын және оның ресми зандық иелігіндегі Банкте сақталып тұрған уранның иесі болады. Келісімде АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкін құру бойынша Тараптар арасындағы шығыстардыбөлу мәселелері; АӘХА-ның Төмен байытылған уран банкінің және АЭХА өкілдігінің құқықтық мәртебесі мен дербестігі мәселелері; қаржылық жеңілдіктер, салықтардан, алымдардан, баждардан, тыйым салулар мен шектеулерден босату мәселелері; АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкінің жұмыс істеуіне байланысты қызметтер көрсетуді және көрсетілетін қызметтерді қамтамасыз ету мәселелері; жеке артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалану, жекелеген адамдардың келуі және кетуі саласындағы мәселелер; артықшылықтарды теріс пайдалану мәселелері реттелген.

Сондай-ақ АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкін, АЭХА-ның Төмен байытылған уран қоймасын және АӘХА өкілдігін күзету, қауіпсіздік және физикалық қауіпсіздік, жауапкершілік және жауапкершіліктен босату, сондай-ақ дауларды реттеу тәртібі мен осы Келісімнің қолданылумәселелері регламенттелген. Палата сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялады. Келісім 2015 жылы 16 қазанда Бурабай кентінде жасалды. Келісімнің ережелері төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды өзара хабарлауды, болжауды және мониторингті, жоспарлауды және өткізуді көздейді. Құжат сондай-ақ бірлескен конференцияларды, семинарларды, жұмыс бабындағы кеңестерді, жаттығуларды, арнайы көрмелерді, мамандарды даярлауды уағдаластық негізінде ұйымдастыруды, тәлімгерлерді, оқытушыларды, ғалымдар мен мамандарды алмасуды, сондай-ақ тараптардың құзыретті органдарымен келісілетін төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы басқа да іс-қимылды қарастырады. Заңнамаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжатпен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мемлекеттің жарналарын аударуды 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру ұсынылады. Жұмыс берушілердің аударымдары мен дара кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың жарналарын Қорға аудару 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2017 жылдың 1 шілдесіне ауыстырылады.

Сондай-ақ Бюджет кодексіне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске және «Білім туралы» заңға интернаттық ұйымдарды қоспағанда, орта білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне медициналық қызмет көрсетулерді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру бөлігінде түзету енгізу көзделеді.


 

 


Back to the list